Мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусындар сатқандарға айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Садвакасов бүгін өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистердің айтуынша, кейбір мектеп асханаларында тыйымға қарамастан әлі күнге дейін хот-дог, гамбургер, пицца, чипсы мен тәтті сусындар сатылып жүр. Осыған байланысты қандай жаза қарастырылғаны сұралды.
Комитеттің білім беру нысандарын бақылау басқармасының басшысы Гүлшарат Қожатова бұл өнімдердің денсаулыққа зиянды екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған нормалар бұрыннан санитарлық ережелерде бар, ал оларды сақтамау – кәсіпкерлердің жауапкершілігі.
Сонымен қатар ол қоғамдық бақылаудың маңызын атап өтті.
Әр мектептің қамқоршылық кеңесі мен бракераждық комиссиясы асхананың жұмысын күн сайын тексеруге міндетті. Олар мәзірді, дайындалған тағамның сапасын, құжаттардың болуын, сақтау мерзімін және жағдайын қадағалауы тиіс, – деді Қожатова.
Ал Нұрқан Садвакасов заңбұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемін түсіндірді:
• жеке тұлғаларға – 30 АЕК,
• шағын және орта бизнеске – 230 АЕК,
• ірі кәсіпкерлікке – 1600 АЕК айыппұл қарастырылған.
Мұндай фактілер анықталса, міндетті түрде тексеріс жүргізіледі, әкімшілік іс қозғалып, тиісті шешім қабылданады, – деді ол.
Еске салсақ, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда мектепте тамақтандырудың жаңа стандарты күшіне енеді. Құжатты Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, сондай-ақ ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың қолдауымен әзірледі. Бұл шешім Мемлекет басшысының 1,7 миллион мектеп оқушысына тегін тамақтандырудың сапасын арттыру туралы тапсырмасы аясында қабылданды.