Медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керек – министр

6 Қыркүйек 2022, 14:24
1100
Бөлісу:
Медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керек – министр
Фото: Әлеуметтік желіден

Денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі күннен-күнге өзекті болып отырғанын айтты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен Мемлекет басшысының телемедицинаны дамыту, бизнес-процестерді реинжинирингтеу, деректерді жинаудың заманауи технологияларын енгізу, медициналық бейнелерді сақтауды орталықтандыру және жасанды интеллекті енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесін талқыладық, - деп жазды Бағдат Мусин.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында екі жыл ішінде Қазақстанның 650 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент шалғай аудандардың тұрғындары білікті медициналық көмекке қол жеткізе алуы үшін телемедицинаны дамыту мәселесін басты назарға алуды тапсырған болатын.

Министр Ажар Ғиниятпен кездесу барысында телемедицинаның толық функционалын көрсетуге бағытталған пилоттық аймақтарды анықтаймыз деп уағдаласқандарын айтты. 

Біз бірнеше фельдшерлік-акушерлік пунктерді пациенттердің деректерін тікелей облыстық ауруханаға ұсынатындай етіп жабдықтаймыз. Дәрігерлер осы арқылы пациентке көмек көрсету туралы шешімді тез арада қабылдай алады. Осы ретте, денсаулық сақтау министрлігі онлайн-қызмет көрсетуді ынталандыру үшін бірқатар құжаттарға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, - деді ол.

Денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсуде.

Жасанды интеллектті сертификаттау бойынша процестерді белгілі бір аурулармен күресуге көмектесетін құрал ретінде бастау керек. Бірақ алдымен бірыңғай ақпарат сақтау қоры мен суреттерді сақтау жүйесін жасау қажет, себебі бұл әзірше жүйесіз сервис. Ал жасанды интеллект жұмысы деректер көбейген сайын жанданып, нәтижесі дәлірек бола бастайды, - деді ол.

Мусин медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керектігіне тоқталды.

Денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруға тоқталатын болсақ, онда медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керекпіз. Біз медициналық мекемелердегі құжат айналымын түрлі қажетсіз формалардан арылту және деректерді қалыптастыру жұмыстарын өзектендіру бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері басқа мемлекеттік органдардың, мысалы, Прокуратураның, Еңбек министрлігінің, Әділет министрлігінің және т.б ведомстволардың ақпраттық жүйелерімен интеграциялануы тиіс. Біз Цифрлық министрлік ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің бастамаларын қолдауға дайынбыз. Денсаулық сақтау бағыты цифрландыру тұрғысынан алғанда ең озық салалардың бірі болуы тиіс, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы