Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 66 емдеу мекемесімен келісімшарт жасалған.
Жалпы облыс бойынша халықтың денсаулығын жақсартуға 52 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде 32 млрд теңгеден астамы тегін медициналық көмекке, 20 млрд теңгеден астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмсалады.
МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар –өздері үшін жарна төлейді. Осылайша, «сен бүгін басқаларға, ертең олар саған көмектеседі» деген ортақ жауапкершілік қағидаты бойынша, көмекке мұқтаж адамдарға мұқтаждығы төмен азаматтардың есебінен қызмет көрсетіліп, қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік береді.Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы қабылдаудан бастап дәрігердің толық тексерулеріне дейін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады, – деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов.
Филиал директорының сөзінше қор қызметкерлері медициналық қызмет көрсететін мердігер мекемелерге мониторинг жасап отырады. Сапалы қызмет көрсетуін қадағалайды екен. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медицинамен сақтандырылмағандар саны Атырауда азайған.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бері сақтандырылмаған азаматтардың саны 90 мыңнан 85 мың адамға дейін азайып отыр. Жалпы облыстар арасында сақтандырылмаған азаматтар санының ең азы біздің өңірімізге тиесілі. Ай сайын сақтандырылмағандардың портреті, тізімі облыстық денсаулық сақтау басқармасына, қала және аудан әкімдеріне, медициналық ұйымдарға беріліп, олардың санын азайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сақтандырылмаған азаматтар арасында жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, дербес төлеушілер мен құқықтық келісім шарт негізінде жұмыс жасайтын азаматтар, яғни вахталық әдіспен, маусымдық, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және соңғы 12 ай көлемінде мүлдем жарна төлемегендер бар. Естеріңізге сала кетейін, халықтың 15 жеңілдік санаты үшін мемлекет жарна төлейді. Сондықтан, бұл адамдар автоматты түрде сақтандырылған болады және барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметтер толық беріледі, – дейді филиал директоры.