Әнуар Сағымбаев: МӘМС жүйесі медициналық көмектің сапасын түбегейлі өзгертеді

19 Қазан 2019, 10:36
3919
Бөлісу:
Әнуар Сағымбаев: МӘМС жүйесі медициналық көмектің сапасын түбегейлі өзгертеді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау МӘМС жүйесіне дайын. Облыстағы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев жергілікті медициналық мекемелер мен дәрігерлер медициналық сақтандыру бойынша жұмыс істеуге әзір деп отыр.

Дегенмен, өңірде маман тапшылығы мәселесі әлі толық шешілмеген, облысқа 250 жуық дәрігер қажет.

-Әнуар Әлімжанұлы, елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызу дайындық жүріп жатыр. Ал Маңғыстау облысы жаңа жүйеге көшуге әзір ме?

- Маңғыстау өңірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 100 пайыз дайын. Облыс бойынша ресми тіркелген 693194 адамның 94 пайызында (650 929) электронды денсаулық паспорты бар, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету шаралары жалғасуда. Медицина саласындағы инфрақұрылым да толық дайын. Ал кадр тапшылғы әлі шешілмеген мәселе, оны жоққа шығара алмаймын. Облысқа 250 жуық дәрігер қажет. Қалаларда - 127, ауылдық жерлерде – 123 маман жетіспейді. Әсіресе, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында маман тапшы. Биыл жергілікті медициналық мекеме басшылары 7 жоғары оқу орнына барып, еңбек жәрмеңкесіне қатысты, нәтижесінде 84 жас маманмен шарт жасасты.

-Облыста қандай медициналық қызметке сұраныс жоғары?

-Кардиология, нейрохирургия, онкология, анестезиология сияқты қызметтерге сұраныс жоғары. Биыл маусымнан бастап өңірдегі медицина қызметкерлерінің жалақысы 30% өсіп, дәрігерлердің жалақысы 230 000 теңгеге жетті. Дипломмен ауылға бағдарламасы негізінде аудандық әкімдік тарапынан пәтер алу үшін 1500 АЕК көлемінде несие және 70 АЕК көлемінде бір реттік көтерме қаражат беріледі, бұған қоса жылына 1 рет 14000 теңге қаржылай көмек тағы қарастырылған. Жатақханада тұрып жатқан және жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілген дәрігерлер де бар.

-Қазір пациенттер медициналық көмектің сапасына қатысты жиі шағымданады. Медициналық сақтандыру іске қосылса, облыстағы денсаулық сақтау жүйесінде не өзгереді деп ойлайсыз?

- Емделушілер көбіне қымбат тұратын медициналық қызметті тегін алғысы келеді. Жаңа жылдан бастап МӘМС пакеті бойынша сақтандырылған пациенттер дәрігердің жолдамасымен МРТ, КТ тегін түседі, ақысыз қан тапсырады. Сонымен қатар, кейбір емханада мамандар тапшы болса, науқас өзі қалаған басқа емханаға барып, көріне алады. Ал Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры келісім-шартқа отырған медициналық мекемелерде тұрақты түрде мониторинг жасайды. Мониторинг кезінде медициналық көмектің сапасы, емнің стандартқа сәйкес жүргізілгені, бөлінген ақшаның мақсатты жұмсалғаны  бақылауда болады. Егер де заңсыздықтар анықталса, емхана немесе ауруханаға берілетін қаржы көлемі қысқарады. Салдарынан қызметкерлер еңбекақысын уақытылы ала алмай, қарызға батуы әбден мүмкін. Міне, осындай қиындықтың алдын алу үшін дәрігерлер жұмысына жапкершілікпен қарайтын болады.

-Медициналық көмекті жоспарлау, халықты дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр және келесі жылға сатып алу бойынша есеп-қисап бар ма?

- Әзірге 49 089 адамның мәртебесі анықталып, өзектендірілді. 15 794 адамның мәртебесі жоқ, оның ішінде: жалдамалы жұмысшылар – 905, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 5 527, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмеген жұмыссыздар – 5 019, студенттер, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырғандар, көшіп кеткендер, қайтыс болғандар – 827, рәсімдеуден бас тартқандар – 1 081, мәртебесі анықталмағандар – 2 435.

-Ақпараттық жүйені электрондық форматқа көшіруге дайынсыздар ма, медициналық мекемелер компьютер, интернетпен қамтылған ба?

-Денсаулық сақтау жүйесінде цифрландыру бойынша 85 денсаулық сақтау нысаны 100% интернет желісімен қамтамсыз етілген, 2674 жұмыс орнын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 99% құрады. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, ақпараттық жүйені электрондық форматқа көшіруге тас-түйін дайынбыз. Облыстың алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тұрғындарды бекіту, мәртебелерін анықтап, толықтай өзектендіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда 3 782 азаматтыі тіркелуі, 1 600 қайтыс болғаны, 15 452 өзге өңірлерге, ал 1 346 ҚР-нан өзге шет елге көшіп кеткендігі анықталды.

-Облыста қанша жеке меншік емхана МӘС қорымен келісімге отырды?

- 51 медициналық мекеме қормен келісім шартқа отырған, оның 26-сы мемлекеттік ұйым, 25-сі жеке меншік. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында қорға облыс бойынша 9 млрд. 449 млн. 5 мың теңге аударылды, оның 9 млрд 262 мың теңгесі жұмыс берушілерден, 187 млн, 1 мың теңге жеке кәсіпкерлерден түсті. Облыста 74 мекеме тіркелген. Оның 31 мемлекеттік медициналық мекеме, 43-і жеке меншік.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы