Атырау облысындағы мердігер компаниялардың бірі мемлекет қазынасынан 43 млн теңге жымқырмақ болған. Олар Индер ауданына қарасты Аққала ауылында су құбырын жүргіземіз деп, жұмысты аяқсыз қалдырыпты, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Индер ауданының құрылыс бөлімі мен «Байсын-А» ЖШС жалпы сомасы 1 млрд теңгеге келісімшарт жасаған. Ол қаржыға Аққала ауылындағы «оң жағалау» бөлігінің учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуі тиіс еді. Серіктестік пен тапсырыс беруші жаз айында тиісті құжаттарды рәсімдеп, қызметкерлерге жалақы төлесе де, іс жүзінде жұмыс орындалмаған. Нақтырақ айтқанда, жобада көрсетілген бетоннан жасалған аялдамалар, полиэтилен құбылары, қиыршық тас негізі мен өзге құрылғылар атымен жоқ. Осылайша 43 млн теңге жымқырылмақ болған. Алайда Антикор өкілдері заңбұзушылықты дер кезінде анықтап, жемқорлықтың алдын алды.
Департамент өкілдері осы нысанға тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, аталған инфрақұрылым жүйесі толық орындалмағаны анықталды. Қазіргі уақытта 43 млн теңгені бюджетке кері қайтару жөнінде Атырау облыстық әкімдігіне ұсыныс берілді. Осы ұсыныстың шеңберінде кінәлі тұлғалардан кері қайтарылатын болады,- деді СЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов .
Ақпаратты нақтылап, мәселені талқылау үшін және жемқорлықтың алдын алу үшін Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ерлан Досанов Индер ауданына арнайы барған. Аққала ауылындағы сумен жабдықтау объектісін өзі тексерді.
Біздің департаменттің араласуымен барлық заңбұзушылықтар толық жойылды. Кінәлі тұлғалар жазаланды. Дер кезінде анықталған бұзушылық бюджет қаражатын ұрлауға жол бермейді. Сондай-ақ, сапасыз құрылыстың да алдын алады,-дейді Е.Досанов.
Енді мердігер бұл жұмыстарды өз есебінен аяқтап, мерзімінде тапсыруға міндетті. Айта кетейік, Антикор дәл осындай шешімін таппайтын өзекті мәселелерді ерекше бақылауға алып отыр.