Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрі ұшқышсыз ұшу аппараттары кешенімен жабдықталған бақылау бекетінен кеше өрт пен жарылыс болған инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы ахуалды бағалады, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Өрт қарқынының төмендегені анықталды. Бұдан өзге, Қорғаныс министрі, Төтенше жағдайлар министрі және Жамбыл облысының әкімі өрт салдарынан зардап шеккендер жеткізілген емдеу мекемелеріне барды.
Ауруханаға жалпы 28 адам жатқызылған, олардың бәрі әскери бөлімнің әскери қызметшісі. Медициналық көмек көрсету үшін Тараз гарнизонының әскери госпиталі жұмылдырылды.
Сондай-ақ лауазымды тұлғалар эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру шарттарымен танысты.
Барлық керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін қажетті тапсырмалар берілді.
Қорғаныс министрлігі Тараз горнизонында Жамбыл облысындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әскери қызметшілерге, азаматтық персоналға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету және оңалту тобын құрды.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінде және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында «Call-орталықтары» құрылды.