Медиация қоғамдағы тұрақтылыққа жағымды әсер ететіні сөзсіз

5 Мамыр 2022, 13:45
1630
Бөлісу:
Медиация қоғамдағы тұрақтылыққа жағымды әсер ететіні сөзсіз
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде медиация салысына 2010 жылдан бері ерекше көңіл бөліне бастады.

 Өйткені үлкенді-кішілі дау-дамайлардың бәрін сот арқылы шешу мемлекетке де, қоғамға да тиімсіз. Сондықтан халықтан бұрын заң саласының мамандары медиацияны терең меңгеруі керек. Бұл ретте шешен болу жеткіліксіз, әділ үкімнің шебері болу маңызды. Осы орайда кәсіби медиаторлар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің заң саласының оқытушылар, студенттерімен кездесті.

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ ұйымдастыруымен өткен кездесуге облыстық медиаторлар кеңесінің төрайымы  Ляззат Бактибаева, отставкадағы судья, облыстың «Құрметті судья» атағының иегері, облыстық медиаторлар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Зина Жаңбыршаева Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы, медиация кабинетінің үйлестірушісі Шакизат Абдраманова қатысты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Әлтаев  модератор болды. 

Келелі кездесуде медиация институты – қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі. Халық дауды шешу үшін сотқа емес, кәсіби медиаторлар көмегіне көбірек жүгіне бастаған. Өйткені сот процестері арызданушы екі тараптың бірнеше ай уақытын алса, медиация процесі таласты тарапты бірнеше сағатта татуластырып, шешім шығарады. Нәтижесінде қаржылық шығын азаяды. Ең негізгісі екі жақтың да көңілінен шығатын ортақ шешім қабылданатындығы, жалпы медиация қоғамдағы тұрақтылыққа жағымды әсер ететіндігі алға тартылды. Сондай-ақ, медиация мамандарын, соның ішінде этно-медиаторларды дайындау, мектеп медиациясын ілгерлету мәселелері қозғалды.

Кездесу соңы пікір алмасуға ұласты.

Өзгелердің жаңалығы