Медбикелер мерейі

12 Мамыр 2023, 14:00
1467
Бөлісу:
Медбикелер мерейі

Бүгін, 12 мамыр — Халықаралық медбикелер күні. Осыған орай біз Ақтөбе облысындағы үздік медбикелермен тілдескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам медбике бар. Олар облыстағы ауруханалар мен клиникаларда абыройлы еңбек етіп жүр.

Биыл Медбикелер күні өңірде ерекше атап өтілді. Мерекеге орай М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қырғызстан, Ресей елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарынан делегаттар қатысты.

Аталған шарада облыста абыройлы еңбек етіп, өз тәжірибесімен, адал еңбегімен танылған үздік қызметкерлер мен медбикелер марапатталды. Атап айтсақ, мерекелік шарада үш медбике «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталса, 11 медбике Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты мен Мақтау қағазына ие болды.

40 жылғы еңбектің жемісі

Іңкәр Құлжанова Ақтөбе облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханада 41 жылдан бері жұмыс істейді. Ол 1982 жылы аталған аурухананың ем-шара бөліміне медбике болып жұмысқа қабылданған. Содан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ол он жыл бойы аға медбике болса, он үш жылдан бері ауруханада бас медбике болып қызмет атқаруда. Бар ғұмырын медицина саласына арнаған Іңкәр Сағидоллақызы — қазір өз ортасындағы ең тәжірибелі маман, жастарға үлгі болып жүрген жан.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханасында 55 медбике, 65 тазалықшы жұмыс істейді. Олар ауруханадағы науқастардың таза жерде уақытымен ем-дом алуына жағдай жасайды, ауруынан айығуына көмектеседі. Науқастардың жағдайын жасап қана қоймай, олардың көтеріңкі көңіл-күйде болып, сырқаттанған кезде күйзеліске түсіп кетпеуіне, жақсы дүниелер ойлауына ықпал жасайды.

Ақ халаттылардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Ауруханамызда 50-ден астам медбике болса, олардың барлығы дәрігер емінің нәтиже беруі үшін ұқыпты, жауапкершілікпен жұмыс жасауға талпынады. Күні-түні тынбай, кезекшілікке тұрып, науқастардың жағдайын жасайтын әріптестеріміз көп. Олардың адал еңбегі қандай мақтауға болса да лайықты. Жалпы, біз, медбикелер қауымы, санаспай, дамылсыз еңбек етеміз. Соның арқасында көптің алғысын аламыз, сондай-ақ еңбегіміз де облыстық денсаулық басқармасы тарапынан бағаланып жатады, — дейді ол.

Кейіпкеріміздің денсаулық сақтау саласында еткен еңбегі бүгінге дейін Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан лайықты бағаланыпты. Ол 2019 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», 2022 жылы «Жылдың үздік маманы» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ министрліктің, Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасының Алғыс хаттарына ие болған.

Ақтөбе облыстық клиникалық-инфекциялық ауруханасында қазіргі таңда балаларға арналған 65, ересектерге арналған 45 кереует бар. Сондай-ақ аурухананың ауа-тамшылы жұқпалы аурулар бөлімінде 25 орын жасақталған.

Іңкәр Сағидоллақызының айтуынша, қазір мұнда ауырып ем алып жатқан балалар жетерлік. Олардың көбі — вирустық инфекциямен, сондай-ақ ішек ауруларымен ауырғандар.

Аталған аурухананың мамандары пандемия кезінде күндіз-түні жұмыс жасап, осындай науқастарды күтіп, емдепті. Тіпті, бірқатар дәрігерлер мен медбикелер аурухана ғимаратынан шықпай, карантинде жатып, науқастарға медициналық көмек көрсеткен. бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді:

Облыста пандемия кезінде індет жұқтырып, ауырғандар көп болды. Әсіресе, қариялар мен балаларға ерекше көмек көрсетілді. Осындай қиын-қыстау кезеңде біз үйімізге бармай, осында жұмыс жасадық. Өзіміз ауырсақ та, күндіз-түні дамыл таппай, науқастарға ем-дом жасап, көмек көрсеттік. Пандемия кезінде алғы шепте жүрген медицина саласының мамандары екені сөзсіз. Міне, сол еңбегіміз ақталып, көптеген науқастарымыз ауруынан айығып, үйлеріне оралды. Біз үшін қашанда балалардың, науқастарымыздың дертінен айығып, отбасымен қауышуы өте маңызды. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор, пандемия кезінде соны көпшілік түсінді, — дейді тәжірибелі медбике.

Іңкәр Құлжанова — жан-жақты, білікті маман ғана емес, отбасында болашақ дәрігерді өсіріп отырған аяулы ана. Оның жалғыз қызы Динара М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің «емдеу ісі» мамандығының 2-курсында оқиды. Анасы сияқты ақ халатты абзал жан болуды армандайтын Динара сабағын үздік бітіріп, елінің мақтанышы болғысы келеді.

Балалардың қамқоршысы

Облыстағы Ана мен баланы қорғау орталығының бас медбикесі Гүлжан Құлмұханованы ақтөбеліктер жақсы таниды. Бұған дейін бірнеше медициналық мекемеде жұмыс жасаған тәжірибелі маман қазір орталықтағы балаларға ем-дом жасап, күтетін 253 медбикеге басшылық етеді.

Ақтөбе медициналық училищесін 1990 жылы тәмамдап, сол жылы Хромтау аудандық ауруханасына жұмысқа қабылдандым. Содан сол ауруханада 2013 жылға дейін еңбек еттім. Аталған мекемеде аға медбике болдым. 2013-2015 жылдары Ақтөбе медициналық орталығының қабылдау бөлімінде аға медбике болып қызмет атқардым. Кейін Хромтау аудандық ауруханасына қайта ауысып, сол ұйымның бас медбикесі болып тағайындалдым. Осы ауруханада науқастардың дертінен айығып, қалыпты өмірге қайта оралуына көп үлес қостым. Ал өткен жылы Ана мен баланы қорғау орталығының бас медбикесі болып қызметке кірістім. Қазір қарамағымда 253 медбике бар. Олардың барлығы орталыққа ауырып келген балаларға күтім жасап, уақытымен ем алуына көмектеседі. Жалпы балалармен жұмыс жасау оңай емес. Себебі кішкентай балалар қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды, ем алғанда ауырсынуларға төзбейді. Сондықтан біз оларға тек медбике ғана емес, сондай-ақ ана ретінде де қараймыз. Жан жылуын сыйлап, барынша қамқор боламыз, — дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, медбикелерді тек дәрігердің айтқанын орындаушы ғана деп түсінуге болмайды, олар — дәрігердің сенімді серіктесі, адамдарды психикалық, физикалық жағынан дағдыландырушы. Шындығына келгенде, дәрігер берген емінің нәтиже беруі осы медбикелерге байланысты.

Әр саланың өз қиындығы болады. Сондықтан медбикелердің жұмысында да бірқатар қиындықтар бар. Мәселен, біз күндіз-түні санаспай еңбек етеміз. Науқас жандардың ауруына, диагнозына қарамай, оларға жан-жақты күтім жасаймыз, ем-шарасымен қатар оларға жағымды көңіл-күй сыйлаймыз. Ал балалармен жұмыс істеу, тіпті, бөлек. Себебі балаларға қашанда эмоция керек. Сол үшін біздің орталықтың медбикелері әрбір балаға мейіріммен, қамқорлықпен қарайды. Күтім жасаумен қатар олармен бірге ойнап, бір сәт болсын балапандардың дертін ұмытуына жағдай жасайды, — дейді орталықтың бас медбикесі.

Отыз жылдан астам уақыт денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Құлмұханованың бүгінге дейін жетістігі көп. Атап айтсақ, ол 2008 жылы Ақтөбе облысында өткен «Шапағат» байқауында «Үздік медбике» атағын иеленсе, сол жылы Хромтау аудандық ауруханасында көп жыл еткен еңбегі еленіп, «Жыл адамы» атанған. Одан бергіде Денсаулық сақтау министрлігінің «Мейірім», сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығы, Хромтау ауданының 75 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ пандемия кезіндегі медицина саласына қосқан үлесі мен жанкешті еңбегі де еленіп, арнайы марапатқа ие болған.

Қай кезде де өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда ерен еңбек етіп жүрген бас медбике қандай марапатқа болса да лайық деуге болады. Себебі кейіпкеріміз күн сайын осы орталыққа келетін жүздеген ата-ананың ризашылығы мен алғысын алып жүр.

Айта кету керек, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған болатын. 2017 жылы аурухана Ақтөбе медициналық орталығының құрамына енді. Ал 2021 жылы ауруханаға «Ана мен баланы қорғау орталығы» деген атау берілді. Қазір мұнда балалар тегін ем алады. Орталықтың сыйымдылығы — 240 орындық. Бүгінде ауруханада 238 бала ем алып жатыр.

Мекемеде 13 бөлім жұмыс істейді. Барлық бөлім сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетеді. Мұндағы бөлімдердің ең үлкені — хирургия бөлімінде тек Ақтөбе облысының ғана емес, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының балаларына да хирургиялық көмек көрсетіледі.

Гүлзат — мейірімді медбике

Ырғыз аудандық ауруханасында 30 жылдан бері медбике болып жұмыс істеп келе жатқан Гүлзат Жанпейісованы тұрғындар «Мейірімді медбике» атап кеткен.

Кейіпкеріміз Ақтөбе медициналық училищесін фельдшер мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол көп жыл балабақшада жұмыс істеген. 2001 жылдан бері Ырғыз аудандық ауруханасында медбике болып еңбек етіп келеді.

Ол медбике болуды мектеп қабырғасында жүргенде армандапты. Содан медициналық училищеге оқуға түскен. Оның отбасындағы бауырларының барлығы ұстаздар. Жалғыз өзі ғана денсаулық сақтау саласын таңдапты.

Әкем Жақсылық кезінде экономист болып қызмет етті. Ал анам Айған кеңес заманы тұсында дүкенші болды. Үйде төрт ұл, екі қыз өсіп-өндік. Қазір бауырларымның барлығы білім саласында еңбек етеді. Мен бұған дейін жиырма жылдай уақыт аудандық аурухананың балалар бөлімінде медбике болып жұмыс істедім. Бірнеше жылдан бері емдеу бөліміндемін. Қазір бұл бөлімде бес медбике, бес тазалықшы бар. Кезекшілікпен жұмыс істейміз. Кейде кезекшілік уақыты бір тәулікке созылып жатады. Барынша ауруханадағы науқастарға күтім жасап, дәрі-дәрмегін беріп, хал-жағдайын бақылаймыз. Медбикелер де адамдардың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берсе, әрі қарайғы жұмысты біз атқарамыз, — дейді ол.

Гүлзат Жанпейісованың айтуынша, бүгінде Ырғыз аудандық ауруханасының емдеу бөлімі 20 орынға арналған. Мұнда көп жағдайда ауыл тұрғындары ем алады.

Жұмыстан тыс кезде де ауылдастарына көмек қолын созып, көмектесуге асығып тұратын оны барша ырғыздықтар жақсы көреді. Тұрғындардың алғысына бөленіп жүретін мейірімді медбике халықтың денсаулығы — ұлттың байлығы екенін айтады.

Өзгелердің жаңалығы