«Медальдің көкесін көрсетер едік»: депутат Үкімет параспортшыларға дұрыс көңіл бөлмейтінін айтты

8 Қараша 2023, 14:32
744
Бөлісу:
«Медальдің көкесін көрсетер едік»: депутат Үкімет параспортшыларға дұрыс көңіл бөлмейтінін айтты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында параспортқа бөлінетін қаражаттың аздығына шағымданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақша айырмашылығын қарайтын болсақ, параспортқа соңғы жылда 4,2 млрд теңге бөлінсе, жалпы спортқа 16 млрд теңге бөлінген. Біз параспортшылар 41 медаль әкелдік, ал жалпы спорт 80 медаль ғана әкелді. Біз 13-орыннан 11-орынға көтерілдік. Ал жалпы спорт 7-орыннан 11-орынға түсіп кетті. Ренішіміз қара қазандай, бізге кішкене көп көңіл бөлген дұрыс шығар деп ойлаймыз, - деді депутат.

Ол Азия пара ойындарынан келгенде Алматы әкімшілігі жақсы қарсы алғанын айтты.

Біз Алматыға ұшып келдік. Жақсы қарсы алды. Бірақ шығарып салған кезге қатысты ойым бар. Параспортшыларға Үкімет тарапынан назар өте аз. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі спортшылар жоқ жарыстарға министр өзі барады. Ал бізге жай ғана комитет басқармасының басшысы барды. Олардың орынбасары болды. Комитет басшылары болған жоқ. Осындай көңіл бөлмеудің салдарынан параспорт пен сурдоспорт қатты дамып жатқан жоқ. Бізге көп көңіл бөлінсе, параспортшылар көресіні көрсетеді, медальдің көкесін көрсетер еді, - деді депутат.

Кенжеғұл Сейітжан жақында Азия пара ойындарына қатысып велоспорттан команда құрамында қола медаль ұтып келген еді.

Өзгелердің жаңалығы