Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы 7 жылдық президенттік мерзімді енгізуді қолдады

14 Қыркүйек 2022, 10:16
1151
Бөлісу:
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы 7 жылдық президенттік мерзімді енгізуді қолдады

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиынын өткізді. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары да шақырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға қатысушылар алдағы сайлауда қайта сайлау құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзімді енгізу және елордаға Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады. Депутаттар осы реформалардың прогрессивті екенін және олардың әділетті Қазақстан құру бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынған 7 жылдық мерзімді енгізу және елорданың атын өзгерту жөніндегі мәселелер Мәжілістегі барлық фракция депутаттарының ұсынысы екеніне назар аударды.

«Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – прогрессивті әрі қажетті норма. Бұл биліктің бір қолға шоғырлануына тосқауыл болып, суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі арылуға жол ашады.  Аталған мәселе ел арасында жан-жақты талқылануда. Біз осы сайлау жүйесін биылдан бастап енгізуді қолдаймыз», – деді фракция жетекшісі.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы 7 жылдық президенттік мерзімді енгізуді қолдады

Сондай-ақ Ерлан Қошанов елорданың атауын өзгерту туралы ұсыныс Тұңғыш Президенттің қазіргі Қазақстанның құрылуы жолындағы еңбегін жоққа шығармайтынын айтып, қоғамның да пікірі ескерілгеніне мән берді. 

Одан әрі депутаттар ұсынылған реформаларды қолдап сөз сөйледі.

Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов жаңа нормалардың уақытылы енгізіліп жатқанына назар аударып, Мәжіліс бұл мәселеде өзінің тарихи жауапкершілігін сезініп отырғанын атап өтті.

«Қазақстанда Президенттің кең өкілеттіктері бар. Сондықтан сайлау процесінде жоғары лауазымды тұлғаның тұрақты түрде ауысып отыруы Мемлекет басшысының қолында биліктің шамадан тыс шоғырлануы мен монополиялануының алдын алуға мүмкіндік береді», – деді С.Абдрахманов.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы 7 жылдық президенттік мерзімді енгізуді қолдады

Ал депутат Елнұр Бейсенбаев Президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу енгізудің маңыздылығын айтты.

«Қайта сайлану құқығынсыз бір реттік президенттік мерзімді енгізу саяси жаңару деуге болады. Ол сайланған кандидатқа халық алдындағы берген уәделерін тиімді әрі уақытылы орындауға септігін тигізеді. Өйткені сайланған Президенттің екінші мүмкіндігі болмайды.  Алдағы 20 жылдықта біз жаңадан сайланған үш Президентті көретін боламыз», – деді Е.Бейсенбаев.

Сонымен қатар депутат Конституцияға бұл түзетулер алдағы сайлауға дейін енгізілсе, осы жолы Президент атанатын азамат және одан кейінгі барлық Мемлекет басшылары үшін Президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектелетінін атап өтті.

Депутат Юрий Жулин президенттіктің бір мерзімі туралы норма Қазақстанда саясаткерлердің жаңа буыны пайда болуына ықпал ететінін және тұрғындардың елорданың атын өзгертуден үлкен үміт күтетінін айтты.

«Депутаттардың елордаға бұрынғы атауын қайтару туралы бастамасы ең әуелі көптеген азаматтың өтінішіне негізделіп отыр. Біз бүгін халықтың үніне құлақ асып, Президентті қолдап, қоғамның күш-жігерін ілгері басу үшін жұмылдыруымыз керек», – деді Юрий Жулин. 

Өз кезегінде, депутат Вера Ким Қазақстан 7 жылдық президенттік мерзімді енгізетін әлемдегі жалғыз ел емес екеніне назар аударды. 

«Әлемде Президентті бір рет сайлау тәжірибесі жүз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан елдер бар. Мысалы, Израиль (7 жыл), Армения (7 жыл), Мексика (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) елдерінде осындай тәжірибені кездестіруге болады. Францияда да бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл тенденция әлемде кең таралып қана қоймай, қанат жайып келеді деген сөз», –   деді депутат.

Фракция отырысын қорытындылаған Ерлан Қошанов депутаттарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Реформалардың мәні мен маңызын барлық қазақстандыққа жеткізу қажет екенін атап өтті. Ол үшін әлеуметтік желілердің, БАҚ-тың мүмкіндіктерін барынша пайдалану және халықпен белсене кездесу керектігіне назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы