Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Мәжілісте бірнеше заң жобасы бойынша қорытынды әзірленіп жатыр.
Бұл заң жобасын Парламент депутаттар тобы бастамашылық етіп, әскери-патриоттық ұйымдарды тарта отырып, азаматтарды, оның ішінде мектеп оқушылары мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жүйелі байланысты жүзеге асыру үшін құқықтық ая құру мақсатында әзірлеген. Комитет осы заң жобасын жұмысқа қабылдап, тиісті қорытынды әзірлеуге дайын, - деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.
Сондай-ақ тағы бір заң – «Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу туралы айтылды.
Аталған заң жобасы Мәжіліске 2022 жылғы 4 қарашадағы Үкіметтің № 870 қаулысымен енгізілді. Осы Келісім кедендік әкелу баждарының бөлуге жататын сомаларының мүше мемлекеттің уәкілетті органының бірыңғай шотына есепке жатқызылуын; мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлуге жататын кедендік әкелу баждарының сомаларын толық және уақтылы аударуын; мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының әрбір мүше мемлекет үшін белгіленген кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін сақтауын тексеруді және бақылауды қамтамасыз етеді, - деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов.