Мәжілісте "ҚазМұнайГаз" бен QazaqGaz деректеріндегі айырмашылық дау тудырды

Мәжілісте «ҚазМұнайГаз» бен QazaqGaz деректеріндегі айырмашылық сынға алынды. Депутаттар бірыңғай есеп жүйесін енгізуді талап етті.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 19:29
Бүгiн 2026, 19:29
118
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мәжілісте ұлттық компаниялардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту көрсеткіштері бойынша елеулі айырмашылықтар бар екені айтылды. Депутат Еділ Жаңбыршин «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» компаниялары ұсынған мәліметтердегі қайшылықтарды сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көрсеткіштер сәйкес келмейді

Депутаттың айтуынша, ұлттық компаниялар мен уәкілетті орган ұсынған деректер арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Мысалы, “ҚазМұнайГаз” бойынша компания дерегінде тауарлар үлесі 47% болса, уәкілетті орган мәліметінде 52-53% көрсетілген. Ал “QazaqGaz” 61,5% деп көрсетсе, ресми статистикада 77% деп беріледі. Сонда қайсысы дұрыс? Әдістеме әртүрлі ме, әлде қосарланған есеп жүргізіле ме?, – деді Жаңбыршин.

Энергетика министрлігінің жауабы

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров бұл айырмашылықтардың есептеу әдістемесіне байланысты екенін түсіндірді.

Айырмашылықтар көрсеткіштерді есептеу тәсілдерінің әртүрлі болуына байланысты болуы мүмкін. Мұнда ұлттық компаниялардың жалпы сатып алулары мен жер қойнауын пайдалану келісімшарттары аясындағы сатып алулар бөлек қарастырылады. Сонымен қатар кейбір жобалар мен ерекше шарттардағы компаниялар да есепке алынуы мүмкін, – деді ол.

Біріздендіру талабы

Еділ Жаңбыршин мұндай жағдай мемлекеттік есептілік үшін жол берілмейтінін атап өтті.

Парламентке бір ғана нақты көрсеткіш ұсыну керек. Бір тақырып бойынша әртүрлі деректер болмауы тиіс, – деді депутат.

Оның айтуынша, көрсеткіштер ашық әрі бірізді болуы қажет, сонда ғана экономикадағы нақты жағдай көрінеді. Әртүрлі әдістемелер қолданылған жағдайда, көрсеткіштер шынайыдан жоғары немесе төмен көрінуі мүмкін.

Атап айтқанда, жоғары көрсеткіштер қазақстандық қамтудың өсіп жатқандай әсер қалдыруы мүмкін, ал іс жүзінде нақты деңгейі төмен болуы ықтимал. Осыған байланысты депутат есептеу жүйесін бірыңғай стандартқа келтіріп, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар арасындағы деректердің сәйкестігін қамтамасыз етуді ұсынды.

Тағы оқи отырыңыздар:

Қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаздың» сатып алу реформаларын қолдамайды: Исқазиев мәселені айтты 

Мәжіліс "ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Қазына" сатып алуларындағы күмәнді схемаларды көтерді 

Наверх