Мәжілісте инклюзивті білім беруге қатысты заң жобасы қабылданды

21 Сәуір 2021, 10:58
2759
Бөлісу:
Мәжілісте инклюзивті білім беруге қатысты заң жобасы қабылданды

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Аталған заң жобасы мүгедек адамдардың кемсітусіз білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін әзірленген. Қолданыстағы заңнаманы 2015 жылы Қазақстанда ратификацияланған мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес келтіруге бағытталған. Инклюзивті білім беруге өту адам құқықтары туралы халықаралық хаттамаларға және барлық балалардың сапалы білім алуы мен оған тең қолжетімді құқығының болуы және жалпыға бірдей танумен негізделген.

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам бала немесе балалардың жалпы санының 2,7 пайызы білім беру процесіне ерекше көзқарасты талап етеді. Осыған байланысты 2011 жылдан бастап Қазақстанда инклюзивті білім беруді кезең-кезеңмен дамыту басталды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті орта құру бойынша шаралар көзделген. Сонымен бірге, заңнамалық деңгейде реттеуді талап ететін мәселелер де бар, олар бастамашылық еткен заң жобасында көрініс тапты,- дейді Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова.

Оның айтуынша, заң жобасында «Білім туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. 

Біріншіден, білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер көзделген. Екіншіден, оқу процесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдап отырудың арнайы шарттары регламенттелген. Үшіншіден, білім беру қажеттіліктерін бағалау енгізілуде. Ол үшін бағалау өлшемдерін, қажеттіліктерді айқындау әдістемесін, сондай-ақ «ерекше» балалармен жұмыс істеу бойынша педагогтерге әдістемелік ұсынымдарды айқындайтын тиісті қағидалар әзірленетін болады,- дейді Жұлдыз Омарбекова.

Сонымен қатар, оқу жоспарларының, бағдарламалар өзгермелігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар, білім алушының даму ерекшеліктеріне байланысты жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілген. 

Бұл инклюзивті білім беру процесінің жетекші қағидаттарының бірі болып саналады. Білім беру ұйымдарында арнайы жағдайларды қамтамасыз етуде, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдап отыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен әкімдіктердің құзыреті кеңейтілді. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу білім беру ұйымы қызметінің түрі мен нысанына қарамастан қаржыландырудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тапсырысты іске асыру жеке секторды тарту, балаларды қамту көрсеткіштерін жақсарту, сондай-ақ бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді,- деді депутат.
Өзгелердің жаңалығы