Мәжіліске 9 журналист депутат болып сайланды

13 Қаңтар 2021, 17:33
2386
Бөлісу:
Мәжіліске 9 журналист депутат болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің сайлауы аяқталып, үш партия төменгі палатаға өтті. Кешеден бері депутаттар тізімі де жарияланды. 

Алдағы бес жылда Парламент мінберінде сөйлейтіндерге қатысты кейбір қызықты деректерге тоқталғымыз келеді

Мысалы, бұған дейін Мәжілісте ең егде депутат Владимир Косарев болатын. Ол 2016 жылы 79 жасында қайта сайланып, 83 жасына дейін армансыз депутаттық креслода жантая отырды.

Енді жаңадан жасақталған Мәжілістің құрамындағы ең егдесі Сауытбек Абдрахманов болмақ. Ол 1951 жылы 7 қарашада дүниеге келген. Биыл мерейлі 70 жасқа толады.

Мәжілістегі ең жас депутат – Мәди Ахметов. Ол 1995 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген. 25 жаста. Бұған дейін Мәжілістегі ең жас депутат 1989 жылы дүниеге келген Геннадий Шиповских  еді. 

Бір қызығы, Мәжілістегі ең егде депутат Сауытбек Абдрахманов пен ең жас депутат Мәди Ахметовтің мамандығы - журналист. 

Екеуі де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 

Сауытбек Абдрахманов – ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетін басқарды, Ақпарат министрі де болған.

Айтпақшы, осы жылы Мәжілістегі журналистердің қарасы көбейді. Бұл екеуінен бөлек, ақпараттық салаға қатысы бар азаматтар жетерлік. Атап айтсақ, Nur Otan партиясынан өткен Дариға Назарбаева бір кездері «Хабар»  агенттігін басқарды. Алғаш рет депутаттық креслоға жайғасқан Жанарбек Әшімжан да бүгінгі күнге дейін «Ана тілі» газетінің бас редакторы болды. Сонымен қатар Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал Мыса, талай басылымдарда тілші, басшылық қызметтерде болған Мейрамбек Төлепберген, КТК арнасында жаңалықтар жүргізген Артур Платанов, Uzyn.kz сайтының бас редакторы болған Әлия Әбсеметова да партиялық тізім бойынша бес жылға сайланды. 

«Ақ жол» партиясынан да бір журналист бар. «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Исаның бағы жанды, депутат атанып отыр.

Осы жолы билеуші партия Nur Otan-ның Мәжілістегі фракциясының құрамы 70%-ға жаңарды. Орташа жасы - 49, яғни 4 жылға жасарды. Зейнет жасынан асқандардың саны азая бастады...

Өзгелердің жаңалығы