Мәжіліс Жер туралы заң жобасын Сенатқа жолдады

14 Сәуір 2021, 10:54
2561
Бөлісу:
Мәжіліс Жер туралы заң жобасын Сенатқа жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Берік Оспанов Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын мақұлдап, Сенат қарауына жолдауды ұсынды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған. Заң жобасымен 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсатын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар, шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындар заңды тұлға қатысушыларының құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауылшаруашылық жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген, - деді Оспанов.

Ол атағандай, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер қабылданды, сондай-ақ заң жобасының ережелері бір-бірімен үйлескен.

Мәжілістің барлық комитеті осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауылшаруашылық тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және Бас комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Салыстырмалы кесте қабылданған 18 позициядан тұрады. Баяндалғандарды негізге ала отырып, Аграрлық мәселелер комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның жобасын екінші оқылымда мақұлдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынады, - деді ол.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар дауыс беру арқылы заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.

Бұған дейін Қырғызстанның төмен баждарды қолдану мерзімін ұзарту хаттамасы ратификацияланғаны хабарланды.
Өзгелердің жаңалығы