Мәжіліс төрағасы ірі мұнай-газ компанияларын қазақстандық өндірушілерді қолдауды күшейтуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Энергетика министрлігі Парламент Мәжілісімен бірлесіп Ақтау қаласында ұйымдастырған Мұнай-газ машина жасау форумында сөз сөйледі.
Форумды ашқан Мәжіліс төрағасы Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жаһандық мұнай нарығындағы жетекші елдердің біріне айналғанын атап өтті. Палата спикері ендігі кезекте Қазақстанды индустриялық қуатты мемлекетке айналдыру міндеті тұрғанына назар аударды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше назарында. Осы орайда, мұнай-газ секторы ерекше рөл атқаруға тиіс.
Ерлан Қошанов осы жолда Парламент заңнамалық тұрғыда қолдауды жалғастыра беретінін жеткізді. Мәжіліс төрағасы Үкімет жұмысты сапалы ұйымдастырып, бизнес өз өнімін халықаралық стандарттарға сай бәсекеге қабілетті етуге ұмтылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанның экономикалық дербестігі нығаятынын, халықтың әл-ауқаты жақсаратынын айтты.
Саладағы жалпы ахуалға тоқталған Мәжіліс спикері былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тек энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы қызметпен тауар сатып алу көлемі 6 триллион теңгеден асқанын жеткізді. Оның 62 пайызы үш ірі компанияға – Теңізшевройл, KPO және NCOC үшеуіне тиесілі. Сөйтіп, отандық үлестің көлемі арта бастады. Бұл – Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі.
Форумда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Норд Каспиан Оперейтинг» компаниясының басқарушы директоры Рую Джанкарло, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» Бас директоры Марко Марсили және басқалар сөз сөйледі.
Форум алаңында қазақстандық өндірушілердің көрмесі өтіп, 45 компания металл құрылымдар, құбырлар, сорғылар, мұнай-химия, химиялық жабдықтар және т.б. өнімдерін ұсынды.
Өңірге жұмыс сапары аясында депутаттар Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен «ҚазАзот» компаниясына барды. Бұған дейін олар Жаңаөзендегі «Каскор-Машзавод» мұнай жабдықтарын өндіретін жаңа зауыттың құрылысымен танысты, сондай-ақ Жетібай ауылында су тазарту стансасын салужұмыстарын қарап шықты.