Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Депутат Сергей Симонов жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Айтуынша, бұл заң жобалары заңнаманы және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген.
Биыл Қазақстан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауының екінші кезеңінен өтуі керек. 2021 жылдың күзінде біз ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) халықаралық стандарттарынан туындайтын негізгі ұсыныстарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасадық. Бірақ қаңтар оқиғасына байланысты ол күзге ауыстырылды, - деп айтты депутат.
Заңда көрсетілген негізгі нормалар мынадай:
- заңды тұлғалардың өз бенефициарлық иелерінің есебін ашу және жүргізу жөніндегі міндеттерін белгілеу;
- қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қатысты заң заңнамасын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік тұлғаларға кеңейту;
- Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де мүліктеріне тыйым салу;
- қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыру туралы заңда бір топқа жататын қаржылық мониторинг субъектілері тұтынушыларды тиісті тексеру нәтижелеріне және құжаттарына сүйенуге, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуға құқылы болатын шарттарды анықтау;
- қылмыстық қаражатты заңдастыру үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық үшін «мүлікті тәркілеу» түріндегі қылмыстық жазаларды белгілеу;
- заңды тұлғалардың қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатқаны үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу;
- қаржы мониторингі органдарының лауазымды адамдарына тиісті әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау, ал соттарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және олар бойынша қаулылар шығару өкілеттіктерін беру;
- мемлекеттік органдарға қаржы мониторингінің бақылаудағы субъектілері үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу, қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан олардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша практиканы қорыту, ұсыныстар әзірлеу және енгізу бойынша құзыреттер беру.
Депутат атап өткендей, заң жобаларын қабылдау және іске асыру ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді және жағымсыз әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды.