Мәжіліс "ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Қазына" сатып алуларындағы күмәнді схемаларды көтерді

Мәжілісте "ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Қазына" сатып алуларындағы бейтараптық тәуекелдері айтылды.

 kmg.kz Бүгiн 2026, 17:38
Бүгiн 2026, 17:38
104
Фото: kmg.kz

Мәжілісте мұнай-газ саласындағы сатып алулардың ашықтығына қатысты мәселе көтерілді. Депутаттар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының сатып алу процестерінде бизнес тарапынан түсіп жатқан шағымдар туралы мәлімдеп, ашықтықты арттыруды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, кәсіпкерлер алдын ала біліктілік іріктеу кезінде субъективтілік пен ықтимал аффилирленген байланыстарға қатысты шағымдануда.

Кейбір жағдайларда талаптар нақты бір компанияларға ыңғайланып жазылады деген пікір бар. Сонымен қатар аудиторлық ұйымдардың жұмысына да сұрақтар туындайды, – деді ол.

"ҚазМұнайГаз" не дейді?

"ҚазМұнайГаз" компаниясының сатып алу және жабдықтау департаментінің директоры Бахтияр Исаев бұл процестің компанияның тікелей құзыретіне кірмейтінін атап өтті.

Алдын ала біліктілік іріктеу "Самұрық-Қазына Контракт" базасында жүргізіледі. Бұл ұйым қордың сатып алулар бойынша операторы болып табылады, – деді ол.

Іріктеу қалай жүргізіледі?

"Самұрық-Қазына Контракт" өкілдерінің мәліметінше, іріктеу процесі сарапшылар мен сала өкілдерінің қатысуымен көшпелі тексерулерді қамтиды.

Комиссия құрамына “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың өкілдері кіреді. Процесс барынша ашық түрде өтеді, – деп мәлімдеді ұйым.

Сондай-ақ, соңғы уақытта тендерге қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтілген. Енді компаниялар қажетті техника, жабдық және білікті кадрлардың бар екенін растауы тиіс.

Депутаттар сыны

Соған қарамастан, депутаттар қазіргі жүйенің тиімділігіне күмән келтірді. Депутат Еділ Жаңбыршин алдын ала іріктеу бәсекелестікті шектеу құралына айналуы мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, кейбір компаниялар іріктеуден өтсе, енді біреулері өтпейді, соның нәтижесінде тендерлерге тек «ыңғайлы» мердігерлер қатысады.

Егер техникалық талаптар нақты әрі ашық жазылса, алдын ала біліктілік іріктеу қажет емес, – деді Жаңбыршин.

Ұсыныстар

Депутаттар мәселені шешу үшін:
– "адам факторының" ықпалын азайтуды;
– сатып алу процестерін цифрландыруды күшейтуді;
– техникалық талаптарды нақты әрі ашық жазуды ұсынды.

Парламентшілердің пікірінше, бұл шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, сатып алулардағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы оқи отырыңыздар:

Қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаздың» сатып алу реформаларын қолдамайды: Исқазиев мәселені айтты 

Наверх