Мәжіліс қаңтар оқиғасы құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қаңтар оқиғасына бір жыл толғанын айтып, қайғылы оқиғаның құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Отырыста мәжілісмендер «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының қаңтар оқиғасына қатысты сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың ауызша жауабын тыңдайды.
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Бас Прокуратура, тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын.
Бүгін күштік құрылымдар Мәжіліс төріне жиналды. Сонымен қатар ғимарат фойесінде қаңтар оқиғасы кезінде тәркіленген қару-жарақтар мен күштік құрылымдардың құрал-жабдықтары қойылған көрме өтіп жатыр.