Мәжіліс комитеті "Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан бұл келісім 2023 жылы 13 қазанда жасалғанын айтты. Келісім Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құруды көздейді. Сөзінше, ол халықаралық құқық субъектісі бар үкіметаралық ұйымға айналады.
Орыс тілі ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерімен қатар БҰҰ-ның ресми тілі мәртебесіне ие екенін атап өткім келеді, - деп түсіндірді депутат Мәжілісте.
Шарт тараптар арасындағы достықты, тату көршілікті, өзара түсіністік пен өзара тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде орыс тілін мемлекетаралық қатынас тілі және қарым-қатынас құралы ретінде сақтау және ілгерілету арқылы дамытуға және нығайтуға бағытталған.
Ол комитет заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін жеткізді. Депутаттар заң жобасын дауысқа салып, оны жұмысқа алды.