Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан TikTok-тың зиянын айтып, Үкіметтен ұлттық құндылықтарға қарсы контентке қатаң шектеу қоюды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 14,1 миллион адам TikTok-қа тіркелген, оның басым бөлігі – балалар мен жасөспірімдер. Бірақ желідегі пайдалы контенттен гөрі бұзақылыққа, әдепсіздікке, құмар ойынға, порнографияға және суицидке жетелейтін ақпараттар басым. Бұған алаңдаған депутат Жанарбек Әшімжан Үкіметке сауал жолдап, TikTok-қа ұлттық деңгейде шектеу қоюды немесе толық тыйым салуды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, TikTok қазіргі таңда жастарды тәрбиелейтін басты құралға айналып барады, бірақ бұл тәрбие ұлттық құндылықтарды емес, арсыздық пен әдепсіздікті насихаттайды.
Балалар бұрын "тәк-тәкпен" тәрбиеленсе, қазір TikTok-пен тәрбиеленіп жатыр. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Ұрпағымызды ұлттық рухта емес, жат мәдениеттің шылауында өсіріп жатырмыз, - деді депутат.
Әшімжан жастар арасында жаппай белең алған трендттерді атады. Олар:
* "Мысық серуені" челленджі – еш мән-мағынасыз, көшеде подиумдағыдай жүруді талап етеді. Бұл челлендж 500 миллион қаралым жинаған.
* Әдепсіз билер – жас қыздарды дене пішінін ерекшелеп, бөксемен билеуге шақыратын контент қаптап кетті.
* Құмар ойын, стриминг, боқауыз сөздер – желіде заңсыз ойындарды жарнамалау мен әдепсіз әрекеттер көрсету белең алған.
* Суицидке, радикализмге шақыру – TikTok-та жасөспірімдерге өзін-өзі өлтіруге шақыратын видео-материалдар жиі кездеседі.
* Көз ауруларының көбеюі – соңғы бес жылда балалардың арасында көз аурулары күрт артқан, офтальмологтар мұны телефонға тәуелділіктен көреді.
Оның сөзінше, әлем елдері TikTok-қа қарсы әрекет етіп жатыр.
Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан бұл платформаны толық немесе ішінара бұғаттады.
Франция заңнамалық деңгейде жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін реттеді.
Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok қолдануға тыйым салды.
Қытай – TikTok-тың туған елі, бірақ бұл елдің өзінде балаларға қолжетімді нұсқасы жоқ.
Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия да 2023 жылы балалар қауіпсіздігіне алаңдап, заңдық шектеулер енгізді.
Депутаттың ұсыныстары:
1. TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүрге қарсы контентке қатаң шектеу қою;
2. TikTok-ты 18 жасқа толмаған балаларға пайдалануға заңмен тыйым салу тетіктерін қарастыру.
TikTok-ты шектеу – заман талабы. Ұрпағымыздың санасын улап, тәрбиесін бұзатын бұл платформаға қатаң бақылау керек, - деді депутат Жанарбек Әшімжан.