Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа барды

4 Мамыр 2019, 18:29
2408
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа барды
PHOTO

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда жуырда ашылған офтальмологиялық диагностикалық орталық ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын қабылдады. Қызылжар өңіріне іссапармен келген халық қалаулылары медициналық мекеме жұмысымен танысты. 

Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа барды

Солтүстік Қазақстан облысына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірдің бірқатар ауданын аралап, тұрғындармен кездесті. Ал бүгінгі жұмыс Петропавлда осыдан 4 ай бұрын ашылған офтальмологиялық орталықта жалғасты. Емдеу мекемесін ашуға жарты миллиард теңге жұмсалған болатын. Халық қалаулылары медициналық қызметтердің сапасын бағамдап, емделушілердің пікірін сұрады.

«Мен жеке инвестор ретінде бұл орталықты өз қаражатыма салдым. Яғни, облыстық, республикалық бюджеттен ақша бөлінбей, қазынада қалды. Мемлекет 200 млн теңгеге құрылғылар сатып алды. Келісім бойынша орталық 15 жыл менің меншігімде болады. Осы уақыт бойы мекеме мемлекеттік тапсырыспен қамтылады. Кейін орталықты толығымен мемлекет меншігіне табыстаймын. Жасалған келісімшарт бойынша, аудандық және қалалық емханалар өз пациенттерін бізге жібереді. Біз оларға мемлекеттік тапсырыс аясында тегін қызмет көрсетеміз. Тұрғындарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін бізге биыл мемлекет тарапынан 340 млн теңге бөлінді», - деді «Есіл-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры Александр Рылов.


Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа барды


Инвестор мемлекеттік тапсырысты орындап, пайда табады, ал пациенттер сапалы медициналық көмекпен қамтылады. Мұнда сырқаттар глаукома, катаракта сынды тағы басқа күрделі көз ауруларына шипа табады. Халыққа 9 маман қызмет көрсетеді. Орталық Жапония мен Германиядан әкелінген заманауи медициналық қондырғылармен жарақталған. Ауыл тұрғындары да тегін емделе алады. Мәжілісмендер мұндай әріптестіктің өте тиімді екенін тілге тиек етті.

Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа барды

«Офтальмологиялық орталықтың келешегі зор екендігіне сенімдімін. Он бес жылдан соң мемлекет меншігіне беріледі. Инвестор жергілікті патриот азамат. Халық денсаулығы оларды бей-жай қалдырмайды. Жоспарлары да ауқымды екенін байқадық. Болашақта халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің саны көбеймек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.

Орталық жұмысы толықтай цифрландырылған. Бұл мәжілісмендердің көңілінен шықты. Сандық технологияларды өзге де емдеу мекемелерінің жұмысына енгізіп, қағазбастылықтан арылу қажеттігі де айтылды. Мәжіліс депутаттары өңірде әлі екі күн болады. Іссапар барысында жұртшылықтың жеткізген мәслелелері жөнінде олар тиісті министрліктерге депутаттық сауалдар жолдамақ.

Өзгелердің жаңалығы