Мәжіліс депутаттары өңірлерде жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

18 Тамыз 2022, 19:18
778
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары өңірлерде  жұмыспен қамту мәселелерін талқылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына барып, Әл-Фараби аудандық жұмыспен қамту орталығының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығы еліміздегі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіп, еңбекпен қамтудың белсенді шараларын іске асырады. Сондай-ақ бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, кәсіптік бағдар беруді жүргізеді. 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова атап өткендей, аудандық орталықта бүгінде 20 қызметкер қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Мегаполис статусын алғалы қаладағы төрт ауданда аудандық жұмыспен қамту орталықтары ашылып, осы бағытта шараларды іске асырып келеді. Орталыққа 18 жастан бастап зейнеткер жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар келіп, жүгінуге құқылы. 

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мәжіліс депутаттары «AMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында дайындалған Жол картасын тиімді жүзеге асыру мәселелерін пысықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған тұрғындар туралы кеңінен ақпарат алды. 

Б.Бекжановтың айтуынша, орталық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жоғары деңгейде ұйымдастырған. 

Жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар жұмыспен қамтылған. Осыған байланысты еліміздегі жұмыссыз жүрген азаматтарға қолдау көрсетіп, еңбекке араластыратын орталықтардың жұмысын арттыру керек, – деді депутат. 

Кездесу барысында жол картасында жоспарланған агрокешен аймағын салу, жылыжай, сондай-ақ, студенттерге арналған жатақханаларды уақытылы салу мәселелері талқыланды. 

Осы күні Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Қарағанды облысындағы Абай шахтасына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Жиында шахтерлер зейнеткерлік жасты төмендету мен елдегі азық-түлік пен жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне шағымданды. 

Тілектес Адамбеков зейнеткерлік жасты өзгерту мәселесі Үкіметте де, депутаттық корпуста да қаралып жатқанын жеткізді. 

Өзгелердің жаңалығы