Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.
Бірінші оқылымда депутаттар «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын ілеспе түзетулермен талқылайды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді және Қазақстанда агломерацияларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар, сондай-ақ тетіктер жасауға бағытталған.
Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын қарайтын болады. Олар: БАӘ-мен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер.
Екінші оқылымда депутаттар Қылмыстық-процестік кодекске сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарайды.
Алдағы жалпы отырыста Палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алуды көздеп отыр.