Майқайыңда жарты жылдан кейін денесі табылған құтқарушы жерленді

21 Шілде 2024, 16:36
772
Бөлісу:
Майқайыңда жарты жылдан кейін денесі табылған құтқарушы жерленді

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 шілдеде құтқарушы Айдос Шаймерденнің денесі табылып, бүгін Майқайыңда жаназасы шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаназаға қатысып, марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасына барды.
 

"Денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасымен кездестім. Жақын арада біз оны тауып, туыстарына бере аламыз деген үміттемін", - деп жазды облыс әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Аймақ басшысы іздестіру жалғасатынын жеткізді. Одан кейін Асайын Байханов іздестіру жұмыстарының барысымен танысты. 17 маусымда сканерлеу арқылы автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін "Алтыналмас" АҚ мамандары тартылды. Зерттеу нәтижелері бойынша пайда болған шұңқырдың ең түбінен 12 метр тереңдікте автобустың болжамды орналасқан жері анықталды. Шұңқырдың түбінде топырақты қайта экскавациялау жалғасуда. Жұмыстар аса сақтықпен және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайың-алтын" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.

Өзгелердің жаңалығы