Майқайыңда қаза тапқан құтқарушылардың туыстары Президенттен көмек сұрады

4 Наурыз 2024, 18:40
493
Бөлісу:
Майқайыңда қаза тапқан құтқарушылардың туыстары Президенттен көмек сұрады

Майқайың кен орнында қаза тапқан құтқарушылардың туыстары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Кен орнында жас астына құлаған автобус ішінде болған азаматтардың туыстары іздестіру жұмыстарын жандандыруды өтініп отыр. Бүгін қайғылы оқиғаның болғанына 60 күн толды.

Көз жұмған Айдос Шаймерденнің әкесі Әлібай Қайкиннің айтуынша, қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары тоқтатылған. Алайда, бұған дейін кәсіпорын басшылығы арнайы жұмыс жоспары бар деп сендірген.

Біз апат орнындағы іздестіру жұмыстарын қайта бастауды сұраймыз. Менің ұлым Айдос 13 жыл бойы құтқарушы болып қызмет етті. Баламды ақтық сапарына абыроймен шығарып салғым келеді. Ел Констиуцияның кепілі болған Мемлекет басшысына бұл жұмысты соңына дейін аяқтау туралы өтініш айтамын, - дейді Әлібай Қайкин.

Кәсіпорынның автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтың ағасы да осындай өтінішін жеткізді.

Екі ай бұрын жақындарымыздан айырылдық. Қазір жұмыстар тоқтап тұр ғой. Біз туыстарымызды соңғы рет көріп, жерлегіміз келеді. Іздеу шаралары қауіпсіздік талаптарды сақтай отырып жүргізілсе игі. Құрметті Президент, бұл іске араласуыңызды сұраймыз, - дейді Амангелді Тілеубергенов.

Еске сала кетсек, төртінші қаңтарда кен оринынан түскен шақыртуға шыққан құтқарушылардың автобусы алтын кенішінің шахтасына опырылып түсіп кетті. Көлік ішінде төрт адам болды. Құтқару операциясы барысында екі қызметкердің денесі табылды. Тағы екі адамның денесі әлі күнге дейін сыртқа шығарылмады. Топырақ опырылып түскен аумақта іздеу жұмыстары бір айы бойы үздіксіз жүргізілді. Шахтада болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Өзгелердің жаңалығы