Майқайың кенті тұрғындар үшін қауіпсіз бе

18 Наурыз 2024, 13:01
698
Бөлісу:
Майқайың кенті тұрғындар үшін қауіпсіз бе
Фото: автордан

Майқайың кентінің аумағы толық тексеріледі. Сала мамандары төрт құтқарушымен бірге жер астына түсіп кеткен автобусқа қатысты оқиға бойынша ауқымды сараптама жүргізеді. Апат салдары елді мекен тұрғындарына қауіпті ме? Жоқ па? Мақсат – бұл сұрақтарға жауап іздеу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл шешім «Майқайыңалтын» кен орнында болған қайғылы оқиғаға қатысты қабылданды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында ішінде құтқарушылар болған автобус кеніш түбіне түсіп кетті. Уақыт өте келе кент тұрғындары дабыл қағып, өмірлері үшін қорқатындарын жеткізді. Халық арасында «Шанхай» деп аталып кеткен шағын аудан жер астына түсіп кетуі мүмкін. Бұны алға тартқан тұрғындар оларды шұғыл түрде басқа жерге көшіруді талап етіп отыр.

Кент тұрғыны Амангелді Иманқан кеніштегі апаттан соң әр күнін қорқынышпен өткізіп жатқанын айтады.

Біз Киров көшесінде тұрамыз. Cоңғы уақытта жер астындағы дүмпулерді еститін болдық. Бұрын болмайтын. Бір шу естісек, далаға шығуды әдетке айналдырдық. Қашып шығатын да халге жеттік. Не күлкі, не ұйқы жоқ. Көмек сұраймыз. Жергілікті билік осы жерден тез арада көшірсе дейміз. Екі балам бар. Басқа жерге кетер едік, барар жеріміз жоқ. Амалсыздан осындай күн кешіп жүрміз, - дейді тұрғын.

«Шанхайда» тұратын тағы бір азамат та осындай пікірде.

Осы үйде он бес жыл тұрып жатырмыз. Кен орнында апат болған күні газ баллоны жарылғандай дыбыс естідік. Дүмпу болды. Бұл жерде тұру қауіпті. Мүмкіндік болса, басқа жерге қоныс аударар едім, - дейді Қауымдас Сеппек.

Зейнеткер Үміт Кутегенова кентке 25 жыл бұрын көшіп келген. Тұрғынның айтуынша, шахтадағы қазу жұмыстарының дыбысы түнде естіледі.

Біздің көше шахтаға жақын орналасқан. Бұрын қорықпайтын едік. Қазір әр күнді үреймен қарсы алатын болдық. Осы үйде ұлым, келінім және үш немереммен тұрамын. Баспанамның қабырғаларында жырақтар пайда болды. Ас үйдегі қабырғалар біртіндіп опырылып жатыр. Өзге елді мекенге көшіп кетуге ниет бар, бірақ мүмкіндік жоқ, - дейді зейнеткер.

Кеніштегі апаттан соң Баянауыл ауданының әкімдігі Майқайың кентінде жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялады. Техногендік сипатқа ие. Бұл елді мекен аумағын шұғыл зерттеуге мүмкіндік береді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтың хабарлауынша, кенттің территориясы жіті тексеріліп, сараптама жасалады. Мақсат – жас астындағы топырақтың қозғалуының бар-жоғы мен бос орындардың пайда болуын анықтау. Бұдан кейін нақты шешім қабылданады.

Ресми ақпарат бойынша, кенттегі тұрғын үйлерден 500 метрлік радиустағы аумақ геосканердің көмегімен тексеріледі.

Техниканың көмегімен 100-200 метрлік тереңдіктегі жер сканерленеді. Кейін бос орындар мен топырақтың босаңсуы анықталуы мүмкін. Қазіргі уақытта осы тектес зерттеу жұмыстарын жүргізетін ұйымнан қызмет бағасы бойынша ұсыныс алдық. Осындай қызметті елімізде бір кәсіпорын ғана жүргізеді. Алдағы уақытта келісімшарт жасалады, - деп хабарлады Баянауыл аудандық әкімдігінің өкілдері.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Шанхай» шағын ауданында 79 үй орналасса, олардың оны ғана бос тұр. Бас-аяғы 300-ден астам адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, шағын аудан автобус құлаған жерден жарты шақырымда орналасқан. Бұл жерде өндіріс орнына апаратын жол бар.

Сараптамаға аудан бюджетінен 63 млн теңге бөлінеді деп жоспарланған.

Майқайың кенті тұрғындар үшін қауіпсіз бе

«Шанхайлықтар» өмірлері үшін қорқып дабыл қағып жатыр. Ал жер қойнауына түсіп, әлі күнге дейін табылмаған құтқарушылардың туыстарының мұңы басқа. Олар қос азаматтың денесін тауып, сүйегін көтеруді талап етіп отыр.

Бұған дейін кеніште іздестіру жұмыстарының тоқтатылғаны туралы хабарлаған едік. Автобус ішінде болған екі адамның бірі - кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің Павлодар филиалы құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерден, екіншісі - автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов. Құтқарушылардың туыстары іздеу жұмыстары сол беті жанданбай қала ма деп алаңдап отыр.

Айтжан Кайкина Айдос Шаймерденді бір жасынан бері тәрбиелеген.

Апат болғанына екі айдан асып кетті. Жанымызға бататыны, Айдосымызды жер үстіне шығара алмай жатқанымыз. Әрине, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ, біз қанағат емеспіз. Кеніш 23 ақпаннан бастап іздеу жұмыстарын тоқтатты. Екі азаматты жер астынан шығара алмай отырмыз. Басшылармен кездесейік десек, бізбен көрісуден қашады. Заңдарды алға тартып отыр. Бірақ, қағаз жүзінде ешқандай түсінік бермей отыр. Қазір бес баланың әкесі жер астында жатыр. Айдос өзі қанша адамды құтқаруғы атсалысып еді. Енді өзін құтқаратын адам табылмай қалғаны қалай? Үкімет пен өзге жауапты мекемелердің қауқарсыздығын көріп отырмыз. Бар тілегіміз - Айдостың сүйегін тауып, жер қойнауына тапсыру. Балалары «Әкем қайда жатыр?» деп сұраса, не айтамын. Топырақтың астында жатыр деймін бе? Бар тілегіміз - осы, - дейді кейуана.

«Майқайыңалтын» комбинатының бас директоры Қуаныш Ботиннің айтуынша, кәсіпорында қаражат бар, бірақ кенішті іске қосуға арналған.

Қайғылы оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Ал іздеу бойынша кәсіпорын жауапкершілік ала алмайды. Өте қауіпті. Ал іздеу жұмыстарына қатысты нақты ұсыныс жоқ. Бір ұйым өкілдері шұңқырға түсіп, төтенше жағдайлар қызметімен түсе аламыз деген. Бірақ, нақты шешім қабылданбады. Жоғалған адамдар туралы ештеңе айта алмайтын. Біз бұған дейін қаза тапқандардың туыстарына өтемақы төлеуге 100 млн теңге бөлінді. Енді бір отбасы қалды, оларға да төленетін болады. Басқа ештеңе айта алмаймын, - дейді Қуаныш Ботин.

Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары «Майқайыңалтын» кен орнында іздестіру жұмыстары құтқарушылардың 200%-дық қауіпсіздігі қамтылғанда ғана жанданады деп алға тартты.

Облыстық ТЖД бастығы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, мардымды іздеу шараларын жүргізу үшін жоба әзірленуі тиіс. Кейін нормативтік-актілерге сәйкес тиісті жұмыстар басталуы шарт. Шенеунік осы оқиғаға қатысты тарихи дерек те келтірді.

«Жезқазған цветмет» кәсіпорнының 47-шахтасының құлағаны тарихтан белгілі. Жер түбіне екі автобус пен адамдар құлап кетті. Іздестіру нәтижесінде жанында жүрген төрт адам сыртқа шығарылды. Ал автобустар тау массасымен кете бастады. Бұл 1996 жылы болған оқиға. Сол сәтте қаза тапқандарды іздеуге тыйым салынды. Түркияда да сондай жағдайлар бар. Департамент құтқару шаралары кезінде және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті арнайы жоспар әзірлемейді. Тау инженерлік жұмыстарды тоқтату немесе жүргізу бойынша шешімдерді нысан басшылығы қабылдайды, - дейді Жасұлан Жұмашев.

Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, іздестіруді жалғастыру үшін тау-инженерлік жұмыс жоспары керек.

Оны тек кеніш басшылығы әзірлеу керек. Бұл шешімге мемлекеттік мекемелер әсер ете алмайды. Іздестіру үшін георадарлық, геомеханикалық және геофизикалық зерттеулер жүргізу керек. Бұған дейін жоба әзірлеушімен келіссөздер жүргізілді. Бірақ, ұйым бас тартты. Біз бұл іспен айналыса алмаймыз. Сараптамалық жұмысқа кәсіпорын қаржы бөлу керек. Алайда, не ереже, не жоба, ақша жоқ, - дейді департамент басшысы.

BAQ.KZ агенттігінің тілшісі бұған дейін хабарлағандай, Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары кеніштегі шахталардың қауіпсіздігін тексеруде. Оң шешім шығарылса, іздестіру жұмыстары жалғасын табуы мүммкін. Десе де, кәсіпорын басшысы іздестіру шараларына арналған жобаға қаражат бөле, ме жоқ, па? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ.

Еске сала кетсек, кеніштегі қайғылы оқиға үстіміздегі жылғы төртінші қаңтарда болды. Осы күнге дейін жер астына түсіп кеткен екі құтқарушы табылды.

Өзгелердің жаңалығы