Маймыл шешегі. Еліміздің бас санитары жұқпалы дертке қатысты қаулы қабылдады

27 Тамыз 2024, 11:15
1808
Бөлісу:
Маймыл шешегі. Еліміздің бас санитары жұқпалы дертке қатысты қаулы қабылдады
Фото: BAQ.KZ - архив

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Н. Сәдуақасов маймыл шешегінің таралуына қатысты қаулы қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас санитардың 2024 жылғы 26 тамызда қабылдаған № 8 қаулысында Қазақстан Республикасына маймыл шешегі таралуының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға, министрліктерге, комитеттерге бірқатар міндет жүктелді.

Енді әрқайсысына жеке тоқталсақ:

Жергілікті атқарушы органдары

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары, денсаулық сақтауды (қоғамдық денсаулықты) мемлекеттік басқару органдары маймыл шешегі ауруына күдікті адамдарды анықтауға, эпидемиологиялық анамнез жинауға, байланыста болған адамдарды оқшаулауға, емдеуге, медициналық бақылау бойынша меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерінің (МСАК желілері, инфекциялық стационарлар/бөлімшелер, ЖИТС, дерматология, акушерлік, гинекология және урология орталықтары) сақтығын арттыру бойынша оқыту жүргізуге жауапты. 

Сондай-ақ шетелдік студенттерді, оның ішінде соңғы 21 күн ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған тізімге сәйкес маймыл шешегі бойынша эндемиялық елдерден келген немесе оларға барған Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық бақылауға алады.

Көлік министрлігі

Қажет болған жағдайда жолаушылар ағынының тығыздығын және жабдықтың техникалық сипаттамаларын ескере отырып, дене температурасы жоғары адамдарды қашықтықтан анықтауға арналған температураны байланыссыз өлшеу жүйесін орнатады. 

Көлік құралдарында жеке қорғаныш құралдарының (маскалар, қолғаптар), қолға арналған антисептиктердің, дезинфекциялау құралдарының болуын бақылайды.

Сондай-ақ санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілетін халықаралық өткізу пунктінің аумағында жоғары режимдік бақылауды жүргізеді.

Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігі (Көліктегі полиция департаменті) маймыл шешегі ауруына күдікті науқас анықталған жағдайда халықаралық әуежайлардың, халықаралық теміржол түйісу станцияларының, теңіз порттарының өткізу пункттерінде және Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында бақылау бекеттерін орнатады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 

Соңғы 21 күн ішінде эндемиялық елдерге барған Қазақстан Республикасына келетін адамдарды бақылауды қамтамасыз етеді.

Қаржы министрлігі 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтеді. 

Бұдан бөлек Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде барлық адамға міндетті байланыссыз термометрия жүргізеді.

Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі  «Қазақстан Республикасының туроператорлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп туроператорларды әлемдегі карантиндік және аса қауіпті инфекциялармен, оның ішінде шетелге, оның ішінде эндемиялық елдерге шығатын Қазақстан Республикасының азаматтарына маймыл шешегімен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы хабардар етеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың денсаулық сақтауды (қоғамдық денсаулықты) мемлекеттік басқарудың жергілікті атқарушы органдарына соңғы 21 күн ішінде эндемиялық елдерден келген және (немесе) барған шетелдік студенттердің тізімін ұсынуды қамтамасыз етеді.

«Ұлттық сараптама орталығы» 

«Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – ҰСО), ҚР ДСМ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – ҚДСҰО) және ҚР ДСМ-нің «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – АҚИҰҒО) маймыл шешегін диагностикалау үшін зертханалардың дайындығын және ПТР тест-жүйелерінің қажетті қорын жасақтайды.

М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы

Маймыл шешегінің таралу қаупі жағдайында Қазақстан Республикасының шекаралары мен аумағын санитариялық қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша оқыту семинарларының бағдарламасын, маймыл шешегінің әкелінуінің алдын алу мәселелері бойынша оқу-жаттығу сабақтарын қоса отырып, мүдделі ведомстволар, аумақтық органдар мен ұйымдар мамандарының оқыту курстарын әзірлейді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы

Әлем елдеріндегі маймыл шешегі бойынша эпидемиологиялық ахуалға күнделікті мониторинг жасайды.

Айта кетейік, бас санитардың қаулысы 2024 жылғы 28 тамыздан бастап күшіне енеді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова маймыл шешегіне қатысты елдің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы