Майдандағы періштелер

Майдандағы періштелер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталған күні. Жеңіске бір қадам болсын жақындауға қару алып соғысқан жауынгерлермен қатар жараланғандарға күн-түн демей көмек көрсеткен медицина қызметкерлерінің де үлесі ұшан-теңіз екені белгілі. 

Деректерге сүйенсек, майданға және госпитальдарға жұмыс істеуге 700 мың медицина қызметкерлері шақырылыпты. Олардың 208 мыңы – дәрігер, 11 мыңы – фармацевт, 57 мыңы – фельдшер мен медбикелер. Қантөгіс майданда қарша жауған оқ пен снарядтың арасында жүріп жаралыларға көмек көрсеткен дәрігерлердің еңбегін қалай ұлықтаса да жарасады.  

Майданда адам жанының құтқарушысы болған дәрігерлер мен медбикелерді «майдан періштелері» деп атаған. Өйткені дер кезінде көрсетілген көмектен аман қалып, жауынгерлер қатарына қайта қосылған сарбаздар қаншама! 

Соғыс жылдарында ел медицинасын дамытуға үлес қосқан тұлғалардың бірі – Мұхамедрахым Қуандықұлы Тілеуғабылов. Ол эвакогоспитальдарға дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін дайындады. Осылайша, госпитальдер дәрігерлермен 75-80%-ға, ал медбикелермен толықтай қамтылды. Кадр мәселесін сәтті басқарғаны үшін Тілеуғабылов 1952 жылы «ҚазақССР еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болды.

Лейтенант Рәзия Ысқақова – «Флоренс Найтингейл» медалін иеленген екінші қазақстандық. Ол Шымкенттегі медициналық училищені бітірген соң өзі сұранып, 1941 жылы қазан айында әскери фельдшер болып майдан даласына аттанды. Небәрі 19 жастағы фельдшер Бірінші Украина майданында болады. Сол жерде генерал-полковник П. Рыбалконың қолбасшылығындағы атақты танк армиясына қарасты 55 танк бригадасында қызмет етеді. Талай жауынгерді ажалдан арашалаған. Ол бір күнде жиырма танкисті құтқарып қалған. Қазақ қызының ерлігі туралы Кеңес Одағының батыры, генерал-полковник Д. Драгунский былай деп жазыпты: «Сұмдық көріністің куәсі болдым. Алға ұмтылған танкінің бірі отқа оранды. Қарасам, Қызыл Крест белгісі бар өрімдей қыз жалын құшқан машинаның қақпағын ашып, қойып кетті. Осылайша, ажал апанына төрт рет сүңгіп, төрт танкисті құтқарды». Сонымен қатар жаралыларда емдеп қана қоймай, қан құйып, донор да бола білген.

Сталинград, Харьков, Киев, Варшава, Праганы азат етуге қатысқан. 

Майдандағы періштелер

Эпидемиолог дәрігер Ишанбай Қарақұлов соғыс жылдары Қызыл Әскер қатарында 1942-1946 жылдары қызмет еткен. Ол КСРО Қарулы күштер ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер ретінде жіберіледі. 

Сигабатулла Қарынбаев – Солтүстік-Батыс, Воронеж, Степной, Белорусь және бірінші Украина майдандарының құрамында соғысқа қатысқан. Соғыс басталғанда полктің аға дәрігері болса, кейін медициналық-санитарлық батальонның командирі атанады. 

Халық Мұсабаев – Қызыл Әскер қатарында соғыста болған. Дәрігерлік және әкімшілік қызметтерді атқарып, ІІД №2045 бөлімінің санқызметінің басшысы болады. 

Майдандағы періштелер

Раиса Мақашева – ҚазММИ тәмамдаған соң бірден майданға аттанады. 1942 жылы тамыздан 1946 жылға наурызға дейін Қызыл Әскердің қатарында болып, Балтық маңы және Беларусь майданындағы госпитальдарда үйлестіруші дәрігер және хирургия бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 

Рахила Ералина 1942 жылы өз еркімен сұранып соғысқа кетеді. Сол кезде жасы небәрі 20-да болса да, Қарағанды облысынан бір топ медбике қыздарды Волгоград майданына жібереді. Сонымен қатр ол барлаушыларды дайындайтын қысқамерзімді әскери оқудан өтіп, ұшақта ұшып, секіруді меңгеріп алады. Соғыстан оралған соң да ол акушер-гинеколог болып жұмыс істеп, 10 мыңнан астам күрделі ота жасап, ана мен бала өмірін құтқарды. 
 

Майдандағы періштелер

Елена Понамаренко соғыс жылдарында неміс басқыншылары басып алған аймақтарға аттанып, астыртын жұмыстарға қатысқан. 1944 жылдан бастап соғыс біткенге дейін №5979 эвакогоспитальда дәрігер болып қызмет еткен.

Майдандағы періштелер

Мариям Нигматуллаевна Сагидуллина - соғыс басталғанда 18 жасқа да толмаған медбике жаралыларға көмектесіп,  Ленинградты блокададан босатуға үлес қосқан.

Антонина Дмитриева – «Флоренс Найтингейл» медалін иеленген үшінші қазақстандық. Майдан даласында алғашқы шепте санинструктор болған. Сарбаздарды құтқара жүріп, өзі де ұрыста екі рет жараланады. Соғысты Германияда жеңіспен аяқтауға үлес қосқандардың бірі. 

Майдандағы періштелер

Анна Дмитриенко – 18 жасында Мәскеу, Ленинград, Старая Русь қалаларын қорғауға атсалысып, медициналық жәрдем беріп, жарақаттанғандарды құтқару үшін жұмыс істеді. Ол сарбаздарды емдеп қана қоймай, донор да болады. Жалпы 70 литр қан берген екен. 

Вера Широкая-Руденко – майданға аттанғанда 18 жасқа да толмаған екен. Новороссийск, Батайск жаяу әскер полкінің 8 армиясының әскери фельдшері, кейін кіші лейтенанты болады. Дондағы Ростов қаласы мен Дон өзеніндегі шабуылға қатысады. 

Сұрапыл соғыс жылдары 85 мың медицина қызметкері ажал құшты немесе хабар-ошарсыз кетті деген деректер бар. Олардың 5 мыңы – дәрігер, 9 мыңы – медбике мен фельдшер, 23 мыңы – санитар-инструктор, 48 мыңы – санитар. 

Тек екі жылдың ішінде, 1941-1943 жылдары майдан даласында опат болған медицина қызметкерлерінің саны 22 мыңнан асқан.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай сарбаздармен бірге от кешкен дәрігерлер мен медбикелердің бұл шамалы  бір бөлігі ғана. Камераға ілікпей,  көзге түспей, назардан тыс қалғаны қаншама... 

Бөлісу: