Май шайқап, құрт сатқан кәсіпкер ана

Бүгiн, 07:25
143
Бөлісу:
Май шайқап, құрт сатқан кәсіпкер ана
Фото: жеке мұрағатынан

ҚР Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Бір ауыл – Бір өнім» ұлттық жобасы елімізде бизнесін дамытуға ниетті кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік болып отыр. Жамбыл облысы Жамбыл ауданында жыл басынан бері жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлерден 20-дан астам өтініш түскен. Жобаның мақсаты кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнімді өндіру арқылы ауылды дамыту, бизнестің көкжиегін кеңейту болып табылады. Аталған жобаға қатысып, республикадан үздік болып келгендердің бірі – Шарипа Қамбаровамен тілдестік.

Кәсіптің көзін тауып, әр ісінен іскерлік пен зігілікті қатар өрбітіп отырған ақ жаулықты ана Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданының тұрғыны.

Қала маңындағы Бесағаш ауылының тұрғыны осыдан он жыл бұрын мамандығын алмастырып, үйіндегі төрт-түлікті кәдеге жаратуды қолға алды. Ауласында сиыр, жылқы малдарын ұстап, оның өнімдерін бастапқыда ауыл тұрғынына кейіннен қалаға әкеліп, сатып жүрді. Сүт өнімдерінің ішіндегі ең сұранысқа ие тауарлардың бірі құрт болды. Тапсырыс көп болғандықтан осы бағытта жұмысты жандандырып, үйінде отырып-ақ құрт кәсібін қолға алды. 10 жыл еңбектің арқасында алпыстан асқан Шарипа апа жобаға қатысып, ұсынған тауары үздік деп танылып өткен жылы «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды. Кәсіпкер «Жұмыс жоқ, екі қолға бір күрек табылмады» деп айту тек сылтау дейді.

Әрине, біздің жас кезімізде қиыншылықтар болды. Екі қолға бір күрек табыла қоймайтын. Ауыл мен қаланың ортасында жұмыс таба алмай жүретін жандар көп еді. Азын-аулақ тиын тебенге жалданып еңбек қып, бала-шаға асырап жүргендер жетерлік еді. Қазір ол кез емес, еңбек етемін деген жанға жұмыс та көп, мүмкіндік те мол. Менің өзім сауда-саттықпен айналыстым. Көкөніс сатып, күнделікті тапқанды күн сайын бір-біріне жалғап күнелтіп жүрдім. Ала таңнан тұра сап базарға бару, ауыр-ауыр қораптарды көтеру маған қиынға соқты. Бір күні ойлана келе, үйдегі төрттүлікті неліктен кәдеге жаратпасқа дедім. Ауыл – береке ғой, негізінен. Дастарханың аққа, алқабың көкөніс пен жеміс-жидекке толы. Соны бір игілікке жаратайын деп, сүт сатып, айран, ірімшік, май жасай бастадым. Барлық тауарларым сұраныста, әрине, бірақ, ең көп сұраныс құртқа болды. Сонымен ойлана келе тәуекел етіп, құрт кәсібін осылайша бастап кеттім. «Жер ортасы жас» дейді ғой қазақ (күлді), 51 жасымда жаңа жұмыс табамын деп кім ойлаған?! Отбасымызбен қысы-жазы еңбек етіп, тұтынушыларымыз да көбейді. Өткен жылы осы қаржылай қолдайтын жоба туралы естіп, қатыстым. Астана қаласында өткен көрмеге өз өнімдерінді апарып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіпкерлер ішінде қазақтың ұлттық тағамдары ерекше көзге түсіп, осы саланы дамытуға маған мемлекеттен 3 миллион 700 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Осылайша мен араға 10 жыл салып, бизнесімді заңдастырып, құжатпен заңдастырылған кәсіпкер атандым. Бұл жұмыстың, жалпы кез келген істің негізгі өзегі – тазалық қой. Тірліктің өрге басуы осыдан, алдап-арбаусыз, қолдан келгенше қайырымен істелген жұмыс алдыңнан екі есе береке боп келеді, – дейді Шарипа ана.

Шарипа апа бастапқы жылдары сауатын сиырлар саны көбейгенде қиын соққанын айтады. Осыны байқаған жақындары да аналарына қолғабыс ете бастады. Ауыл сыртынан жер алып, шағын ферма ашып, отбасымен бірге жұмыла еңбек ете кетті. Бүгінде төрт түліктің қамымен үйдегі отағасы мен ұлдары айналысса, ал құрт дайындау жұмыстарына келіні және немерелері қолғабыс етеді. Бұл жұмыстар мемлекеттің қолдауының арқасында жеңілдеп қалғанын да жеткізді. Өйткені өткен жылы алынған қайтарымсыз қаржыға сиыр сауатын аппараттар мен құрт кептіретін құрылғы және көлемі үлкен тоңазытқыштар алынды. Күнара 15-17 келі құрт жасалынады. Кәсіпкердің айтуынша, құртқа деген сұраныс күз және қыс мезгілінде екі есеге арта түседі. Бүгінде бұл отбасы дайындайтын құрт өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне сатылымға жіберілген. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай және Түркия еліне экспорттала бастады.

Құрт – қазақтың ең сүйсіне жейтін тағамының бірі. Сонау ата-бабамыз бұл тағамды шөлді де, аштықты да басады деп үнемі қалталарына бір малта салып жүрген. Қазір де құрт жемейтін қазақ жоқ шығар. Диетологтар мен тағамтану академиясының мамандары құрттың ас қорыту процесіне тигізетін пайдасы көп екенін айтып жүр. Ал пандемия кезеңінде құртқа деген сұраныс арта түскені мәлім. «Вирусты өлтіреді», «жөтелді басады» деген сөздер бар халық арасында. Тұтынушыларымыздың ішінде ауыл тұрғындарынан гөрі басым бөлігі қаланың азаматтары алады. Тіптен шет елде білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар келіп тапсырыс беріп, өздерімен бірге алып кетеді. Тапсырысты кез келген уақытта ала береміз. Құрт жоқ деген ұғым жоқ бізде. Жасап қойып, ата-баба дәстүрімен сандықта сақтаймын. Сандықта бұл өнім көгермейді әрі сенімді сақталады. Үйде көл-көсір құрт болса да, бұл тағамнан ешкім шыққан емес. Немеремнің жастығының басында үнемі құрт тұрады, – дейді Шарипа Қамбарова.

Кәсіпкер өнімінің басты ерекшелігі – таза әрі түрлі құрттарды сұранысқа сай жеміс жидектермен де дайындайды. Бұл ой бертін келе жүзеге аса бастады. Құрттарға ауладағы құлпынай, өрік, таңқурай сынды таза өнімдерді қосу арқылы, дәмділігі мен сырқы келбеті де ерекшелене түскен. Мұндағы мақсаты – әже қазақстандық құрт брендін қалыптастыруды көздейді. Жаңашыл бастамаға да сұраныс артып отыр. Сондықтан ол бүгінгі таңда түрлі құрттарды арнайы жаңа үлгіде шығару үшін «Шарипа апа» жазуымен өз қаптамасын әзірлетіп жатыр. Енді менің өнімдерім өзіндік брендімен ерекшеленіп тұрады дейді әже.

Май шайқап, құрт сатқан кәсіпкер ана
Май шайқап, құрт сатқан кәсіпкер ана

Арманым – қазақтың ұлттық тағамдарын шет елге таныту. Ұлттық тағамдарымызды бренд жасағым келеді. Мәселен, құртты қанша сақтасаң бұзылмайды. Сондай-ақ, табиғи өнімнің пайдасы мол. Біз өзіміздің тағамдарды брендке айналдыруымыз керек. Ол арманымды жүзеге асыруға біріншіден еңбек, екіншіден мемлекеттің үлкен қолдауы болды. Тапсырыс артқан сайын құртты күн суықта кептіру мүмкін емес. Жаз айларында білінбейді. Ал күн суыса, қиындап кетеді. Енді арнайы қүрт кептіретін құрылғы алдым. Өнімді саласың, электр энергиясы арқылы жұмыс істейді. Бір сағаттың ішінде өнімді кептіріп береді. Қазір өнім небәрі бір аптаның ішінде толық дайын болады. Әрине мұндай көлемде тапсырысты орындау оңай шаруа емес. Бірақ менің көмекшілерім бар. Келіндерім, немерелерім үнемі қолғабыс етеді. Өз басым баланы кішкентай кезінен еңбекке баулыған өте дұрыс деп санаймын. Сонда ол еңбектің қадірін біледі, ертең есейгенде өз бетімен шешім қабылдап, істің қиюын келістіре алады. Кім біледі, қазір менің жасым 61-де. Жалғыз өзім мұндай жұмысты алып жүре алмас едім. Отбасым, отағасынан қолдау болмағанда. Кей кезде қонаққа кеткенде ісім бітпей қалды деп уайымдамаймын. Қазір үйдегілер тегіс үйреніп алған. Мен айтпай-ақ өз жұмыстарын дағдылы түрде жасай береді. Негізінен шаршау, энергияның аздығы жұмыс көптен емес, алға қойған нақты мақсат жоқтан, жұмыссыздықтан. Екі қолда іс болмағандықтан деп ойлаймын. Еңбек адамды ер етеді. Еңбек адамды есейтеді, бой түзетеді, - дейді табысын тынымсыз еңбектен тапқан ана.

Ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген отбасылық кәсіп көпке үлгі-ақ. Ал біз өз кезегінде Шарипа апаның немересі Фариза Хабибулланы әңгіме тарттық.

Менің әжем өте еңбекқор жан. Мен ол кісіден үлгі аламын. Ешқашан жұмыстан қашқан емес. Бізге де соны үйретіп отырады. Әжем маған көп нарсені үйретті. Басында апам 5 құрт жасағанда мен біреуін әрең аяқтайтынмын. Немесе менің жасаған құрттарым әдемі қалыпта болмайтын. Қазір апаммен өнегелі, тәрбиелік маңызы зор әңгіме, әзілдер айтып отырып, жарысатын болдық. Менің сөмкемде үнемі құрт жүреді. Сыныптастарыммен, достарыммен бөлісемін. Мектепке барсам, менен бірден құрт сұрайды. Ата-анам достарыңа қолыңдағы барын бер, одан кем болмайсың деп үнемі айтып отырады. Сондықтан үнемі сөмкеме құрт салып, таратып жүремін. Жалпы мен әжемді, атамды, ата-анамды өте қатты жақсы көремін. Оларды сыйлап, бауырларыма да үнемі «Үлкендерді тыңдау керек» деген секілді бар білгенімді айтып, үйретіп отырамын.

Айта кетейік, ақ жаулықты ана бизнес бастау үшін ешқашан кеш емес дейді. Және ол бүгінде аудандық іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі ретінде өз кәсібін ауылдың қыз-келіншектеріне үйретуден де (мастер-класс) жалыққан емес.

Өзгелердің жаңалығы