Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Декреттік демалысқа шыққан аналардың көбі бір дүниемен айналысып жүргеніне куә болатынымыз анық. Декретте отырған қауым неге белсенді бола түседі? Осы сынды сұрақтарға 6 жыл декретте отырған 3 баланың анасы Перизат Көшкінбаева жауап берді.
Бизнес, желілік маркетинг, қаржы пирамидалары
Декретке шыққан ана бала бағуға берілген 3 жыл уақытты бала бағумен, тәрбиелеумен өткізуі тиіс. Бірақ қазақ қыздарының болмысы сондай ма әлде мемлекеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақының аздығы ма, біз декретте тыныш отыра алмаймыз, - дейді жас ана.
Перизаттың айтуынша, декретте отырған адам кішігірім дүкен ашып, қолөнермен айналысу сынды ақша табудың жолын іздей бастайды.
Желілік маркетингке кіреміз, кейде қаржы пирамидаларына ұрынып қаламыз. Бұл ақшаның аздығы ма, қоғамның түсінігі ме білмедім. Декретте отырған ана бірдеңемен айналыспай ма деген сөзден қорқу ма екен. Себебі декреттік демалыста отырғандар бос отырмын, ел не дейді деген қорқынышта жүреді. Бұл баламен отыруды бағасыздандыру деп айтуға болады. Өйткені үйде бала бағып отырғаның жұмыс болып есептелмейді. Қоғам да оны солай қабылдайды, - дейді ол.
Перизат Көшкінбаева декретке дейін ірі компанияда журналист болып қызмет еткен.
Мен декретте 2016 жылдан бастап отырмын. Жұмысқа әлі шыққан жоқпын. 3-ші баланы тәрбиелеп жатырмын. Осы аралықта балалар киімін саттым, түрлі желілік маркетингтерде болдым, пирамидаларға ұрындым. Көйлек те саттым. Кейін блогерлікке бет бұрдым. Қазір блогерлер түрлі гив, марафон, курс өткізіп жатады. Олардан алданып қалғандар да аз емес. Блогер деген сөз алаяқ деген сөздің синониміне айналып бара жатыр. Сондықтан өзімді блогермін деп айтудың өзі қиын. Қазір екінің бірі блогер деп ойлаймын, - деді ол.
Көшкінбаеваның айтуынша, ол әлеуметтік желіде келін мен ене, әйел тақырыбына әзіл қосып жариялайды.
Қазір блогермін деп айтқан күннің өзінде көп адам сияқты күнделікті істерім туралы, не істеп жатқанымды салмаймын. Әзіл, шыны аралас видеоларды түсіремін. Көп жағдайда менің контентімнің тақырыбы қазақ әйелінің теңдігі, келіннің қоғамдағы рөліне қатысты, - дейді ол.
Әлеуметтік зерттеу
Америкалық ComRes агенттігінің жүргізген зерттеуі бойынша декреттегі аналар мынандай сезімді бастан кешіреді:
27%-ы декреттік демалыстан өздері күткендей ләззат алмайды;
47%-ы өзін жалғыз сезінеді;
5 адамның 2-уі жұмысын сағынады;
Әрбір 5-ші әйел жұмысқа ерте бармағанына өкінеді.
Мемлекет аналарға қанша төлейді?
Баланың бір жасқа толуына дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттар:
- Өтініш.
- Жеке басын куәландыратын құжат.
- Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме.
- банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын «ҚазПошта» АҚ сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады.
Баланың тууына арналған жәрдемақының мөлшері бекітілген, бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК– және төртінші және одан көп балаға - 63 АЕК.
2022 жылы АЕК 3 063 теңгені құрады.
Жұмыс істемейтін әйелдер мен ер адамдарға төленетін баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бекітілген:
бірінші балаға – 5,76 АЕК (әр ай сайын);
екінші балаға – 6,81 АЕК (әр ай сайын);
үшінші балаға – 7,85 АЕК (әр ай сайын);
төрінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (әр ай сайын).
Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемді есептеу үлгісі
Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем: мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 150 000 теңге алса, екінші жылы 200 000 теңге алған.
Бұл жерде қолайлылық үшін аталмыш сома барлық қажетті аударымдарды шегерумен алынған ретінде санайық (зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б.).
Жалпы табысты санаймыз:
12*150 000+12*200 000=1 800 000 + 2 400 000= 4 200 000 теңге
Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 4 200 000/24= 175 000 теңге
175 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.
Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10% зейнетақы жарналарын шегеру керек, яғни:
175 000*0,4 = 70 000 теңге, 10% шегергенде босанған әйел ай сайын 63 000 теңгені алады.
2021 жылы ай сайынғы бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем 119 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 40% х7 және жұмыс жасамайтын әйелдер алатын жәрдемақыдан төмен болмауы тиіс.