Ақордадағы жиында Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан Иран Қазақстанмен сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Иран президенті ең алдымен қазақ тарапына көрсеткен қонақжайлығы үшін алғысын білдірді.
Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Қазақстанмен қарым-қатынас біз үшін өте маңызды. Өйткені біз көрші мемлекеттермен ынтымақтастығымызды дамытып келеміз. Солардың ішінде Қазақстан – біз үшін маңызды мемлекет. Көптеген халықаралық мәселеде, аймақтық мәселеде Қазақстан мен Иранның көзқарасы ұқсас, – деді ол.
Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан екі елдің ынтымақтастығы дамып келе жатқанын атап өтіп, байланыстарды тереңдетуге түсу керегін қоса кетті.
Еліміздің Қазақстанмен тауар айналымы биыл 40%-ға өсті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ біз сауда ынтымақтастығы саласында бұдан да үлкен жетістікке жете аламыз. Өткен кездесуімізде сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуге келіскенбіз. Осы бағытта жұмысты жалғастыра беруіміз керек. Иран Еуразиялық ынтымақтастық ұйымы арқылы Қазақстанмен сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі болып отыр, – деді Иран президенті Ақордада.