Бұл туралы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің кезектен тыс конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, ұйым атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ұсыну мәселесі талқыланды.
Тұрақсыз геосаяси әрі экономикалық жағдай кезінде қоғамның бірлігі мен ынтымағы бірінші орынға шығады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудегі, мемлекет дамуындағы ерекше рөлін ескере отырып, біз оны алдағы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынамыз, – деп атап өтті бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев.
Отырыс соңында қатысушылар алдағы 20 қарашада өтетін Президентінің кезектен тыс сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Айта кетерлігі, бірлестік мүшелері — барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары. Олардың жалпы саны 3276 адам.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында Мемлекет басшысы 20 қараша күні елімізде кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу керектігі туралы айтқан болатын.
Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет - деген болатын Президент өз Жолдауында.