Мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өтеді

30 Тамыз 2023, 10:23
907
Бөлісу:
Мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өтеді
Фото: Арман Мухатов

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 101-бабы 3-1-тармағына сәйкес шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде немесе қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі.

Бұл туралы BAQ.KZ ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы 29 қазанға бос орындарды ескере отырып, республиканың 11 өңірінде – Абай, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындады.

Барлығы 2 облыстық, 7 қалалық және 12 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес мәслихат депутаттығына бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтар ұсынады.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс.

Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкім бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар, сондай-ақ сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамдар сайлану құқығына ие бола алмайды.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну а.ғ. 30 тамыздан бастап 28 қыркүйектің сағ. 18:00 дейін өтеді. Кандидаттарды тіркеу а.ж. 3 қазанда сағ. 18:00 аяқталады.

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес тиісті аумақтық сайлау комиссиялары шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды тағайындайды, округтік және учаскелiк сайлау комиссияларының қызметiне басшылық жасайды, сайлау комиссияларының орналасқан жерi туралы сайлаушыларға хабарлайды, мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Округтік сайлау комиссиялары бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды ұйымдастыруды мен өткiзу кезiнде аумақтық сайлау комиссияларына әдiстемелiк басшылықты, сондай-ақ олардың қызметiнің Сайлау туралы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар өзінің интернет-ресурсында 11 өңірде 21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау бойынша жалпыланған ақпарат беретін болады:

1.Абай облысы
2.Ақтөбе облысы
3.Алматы облысы
4.Алматы қаласы
5.Жамбыл облысы
6.Жетісу облысы
7.Қарағанды облысы
8.Маңғыстау облысы
9.Павлодар облысы
10.Солтүстік Қазақстан облысы
11.Шығыс Қазақстан облысы
Өзгелердің жаңалығы