Мәскеуде Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы талқыланды

28 Қазан 2023, 15:11
607
Бөлісу:
Мәскеуде Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы талқыланды
Фото: gov.kz

Қазақстанның Елшілігінде «Шәкәрім – Абай мұрасының ізбасары» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара қазақтың көрнекті ақыны және философының биыл аталып өтілетін 165 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Кездесуді ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев дөңгелек үстел атауының кездейсоқ еместігіне назар аударды. 

Ұлы Абай Шәкәрімнің тәрбиесі мен біліміне көп көңіл бөлді. Шәкәрім Құдайбердиев мол әдеби мұра қалдырды. Ол өзінің аудармалары арқылы қазақ даласын әлемдік мәдениетке баулып қана қоймай, Пушкин сияқты өзінің лирасымен халықтың жүрегінде жақсы сезімдерді оятты, – деп атап өтті Елші.

Ресейлік әдебиеттанушы, публицист Вячеслав Огрызконың пікірінше, мұндай тұлғалардың мерейтойлары олардың шығармашылық мұрасын зерттеуге серпін беруі керек. Ол Шәкәрімнің есімі Ресейде іс жүзінде беймәлім екенін еске салып, ойшылдың туған жеріне шығармашылық делегацияның сапарын ұйымдастыруды ұсынды.

Ең алдымен, жастар Шәкәрім мен Абайдың рухына бой алдырып, оларға қазақ жерінің тарихы мен мәнін түсіндіретін қазақ замандастарымен араласу үшін баруы керек, – деді В. Огрызко.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Тұрдықұл Шаңбай Шәкәрім даналығы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың болашағы екенін еске салды. Ол ойшылдың шығармашылық мұрасын белсенді зерттеу мен насихаттауға шақырып, оның шығармаларының жаңа жинағын орыс тілінде шығаруды ұсынды.

«Қазақ тілі» халықаралық орталығының Орынбордағы өкілдігінің төрайымы Сәуле Тәйкешева Шәкәрім мен Абайдың қазақтың дәстүрлі дүниетанымының гуманистік ұстанымдарын қорғап қана қоймай, әлемдік философияға сай өзіндік пайымдауларын да енгізгенін атап өтті. 

Шәкәрімнің өмірі – ой, іс, сөз бірлігінің жарқын көрінісі. Ол жас күнінен халқына аянбай қызмет етіп, қазақ жастарының сауатты болуына күш салып, алған білімін қоғам игілігіне жұмсады. Оның бүкіл өмірі үлгі», – деп айтты С. Тайкешева.

Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы Мемлекеттік қызмет және басқару институтының Жоғары заң мектебінің доценті Талғат Мықтыбаев Шәкәрімнің басты шығармаларының бірі «Үш анық» философиялық трактатына тоқталды. Шығармада адам жанының зерттелуі, оның өмірінің мәні мен мақсаты туралы сөз қозғалып, рухани өрлеудің ең мықты тірегі ар-ұждан екені атап көрсетіледі. Т. Мықтыбаев В. Огрызконың Шәкәрімді, ең алдымен, жастар арасында насихаттау туралы ұсынысын қолдады.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы оның еңбектерінде көтерілген терең моральдық мәселелердің арқасында бүгінгі таңда өзекті болып отырғанын атап өтті. Олардың пайымдауынша, ойшылдың еңбектерінде қазіргі заманның көптеген сұрақтарына жауап табуға болады.

Өзгелердің жаңалығы