Машан батыр және абақ елі

Машан батыр және абақ елі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ халқының құрамындағы ірі одақтың бірі – Абақ керей тайпасы қиын кезеңге тап болып, қиналған тұсы 1723 жылы Ойрат қонтайшысы Себен-Рабданның қанды жорығы. 

Қырғынға ұшыраған Абақ елі осы жылдары Ор мен Жайыққа қарай ығысты. Осы бір шұбырынды көштің басы-қасында Барақ, Жабай, Машан батырлар болып, тозған елін топтау үшін барлық ақыл-қайрат, күш-жігерлерін жұмсады. 

 Осы жылдары орын алған оқиғалар жайлы Бәби Тоқтарұлы деген шежіресі: «Орға керейдің көшін Сүйіншәліұлы Барақ, Арықбайұлы Машан батырлар бастап барды. Көшіп барған ел Торғай, Ор өзендеріне, одан ары Тобылға дейін бытырай қоныстанды» деп жазады. Бұл деректен біз Машан батырдың ер қорғаны болып, төніп келген қауіптен жұртын сақтап қалу үшін қол бастап жауды жасқап, ел бастап тыныш қоныс, бейбіт орын іздегенін аңғарамыз.

Осы орайда, Машан Арықбайұлы қатарлы батырлардың бастауымен Орға барған Абақ елі туралы халық жырларында, жазба ақындар шығармашылығында да мол дерек ұшырасады. Мысалы: 

«Бір күнде он екі абақ төмен жүрген, 

Бай малына береке қыдыр келген. 

Он екі ауыл ол керей ауып келген,

 Тоқсан өзен Торғайты деген жерден.

 Ордың Қара ағашын өрлеп келген...» - дейді әйгілі ақын, шежіреші Ақыт Үлімжіұлы (Үлімжіұлы А. Ғақылия. – Өлгий, 1994).

Сондай-ақ, көпке белгілі «Жәнібек батыр» дастанының Құмар Серікбайұлы жырлаған нұсқасында:

Керейлер Орға көшті елін бастап,

Өскен жер Қаратау мен Сырды тастап,

Ақжол деген ат алды беті қайтпай,

Қаптаған қалың жауды қойды жасқап,

Онан соң Торғай, Тобыл, Есіл келді,

Абылай оң тізеден орын берді.., – дейді. 

Жалпы Абақ керейлердің Ор өңірінде қоныстанғаны жайлы нақты заттық дәлелдер де бар. Мысалы, шыңжандық жазушы Шәміс Құмарұлы: «1960  жылдары Алтай (Сарысүмбе) қаласында тұратын руы – шақабай Қосеке деген кісінің үйінде Ордың қара ағашынан жасалған табалдырық пен маңдайша сақтаулы тұрғанын көрген ақсақалдар бар» десе, дәл осы пікірді тарихшы Асқар Татанайұлы Сарысүмбе (қазіргі Алтай) ауданы Шеміршек ауылын мекендеген Қасен Шыбарқажы деген адамның үйінен Ордың қара ағашынан жасалған маңдайша мен табалдырықты көргені жайлы айтады. Бұл заттарды жаңа Қытай Республикасы орнаған 1949 жылы үкімет алып қойған дейді. 

Сол сияқты, алтайлық шежіресі Қылышбай Нұрдыбайұлы, Ордың қара ағашынан жасалған бұйымдар (бақан, таяныш, домбыра және шідер тиегі, т.б) Шыңжаң-Алтай керейлерінің ішінде әлі күнге дейін сақталған, оның сынық тамтығын тәбәрек ретінде сандыққа салып, теңге буып қояды десе, («Ер Жәнібек», Семей, 2009 ж. 254-б) бай-өлкелік діндар әрі шежіресі Азатхан Мұқанұлы деген замандас: «Менің нағашыларым Абақ керей ішінде, шеруші-бақат әулеті соның ішінде Ақтай атаның ұрпағы болып келеді. Бұлар ұзақ жыл Қобда бетіндегі шұрайлы қонысҮшойғырдың басын мекен етті.  Нағашы атам аты – Мыса. Бұл кісі Рақымбай, Бұғыбай, Нұғыман, Мұқы және менің нағашы атым бес ағайынды адамдар. Әкелерінің аты – Тұратау. Рақымбай атамыздың бір ұлы Жаншыбайдың шаңырағында, материалы қара-қызыл қошқылдау қайқыбас ағаш төсек тұратын. Осы төсекті Ордың қара ағашнан жасалған деп айтатын.  Бұдан басқа киіз есікті желден қорғайтын ұзын оқтауша ергеншек ағаш болады. Оны да ескінің көзі Ордың қара ағашы деп қадір тұтатын еді. Бұл кісілер әулетімен Қазақстанға көшіп кетті. Қазір бар ма, жоқ па білмеймін» деп жазыпты.

Керейдің Ордан ауғаны жайлы Қазақстан елінде жарық көрген «Бабалар сөзі» көптомдығының 59 томында жарияланған Ақыт қажы Үлімжіұлының  «Жәнібек батыр»  жырында:

Қазаққа Қап тауындай қорған болдың, 

Жауыңа жасыл түсер зордан болдың. 

Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей,

Еліңді Алтай бастап Ордан келдің, - деп жырласа, үлкен ақын Арғынбек Апашбайұлы: 

«Кең жерге елді бастап кетелік, деп, 

Алтай тау, Сарыарқаға жетелік, деп,

Орта жүз баталасып көшіп кетті,

Сіберски жеріне өтелік, деп. 

Артымызға неше мың шерік салып, 

Осындай сақтықпенен көшелік, деп»  –  толғаған екен. Тағы бір дәлел: 1990 жылы Іле «Халық» баспасынан шыққан «Қазақ шежірелері» жинағының бірінші томында жарық көрген Арғынбек Апашбайұлының жырында:

Орал тау, Еділ, Жайық болар басы, 

Қатарлас болады Ордың қарағашы.

Сыймайды төрт түлікке сай-саласы. 

Ар жағы Қара теңіз деген жер бар,

Моңғұл, татар мекені айналасы, - деп жырлаған екен. Мұндағы фольклорлық деректерден біз Машан мен Жабай батыр бастап көшкен елдің Сырдан – Орға, Ордан – Есіл бойына қоныстанған ұлы көштің сорабын аңдаймыз. 

Қолда бар тарихи деректерге үңілсек, Абақ керейлер Ордың қарағашында аса көп тұрақтай алмаған көрінеді. Оған себеп, орыс отаршыларының озбырлығы. Сол кездегі қазақ жырауы Қожаберген бабамыз айтқандай: «Ойда – орыс, қырда – қытай, іргеде – қалмақ» жау болды. 

Біздің қолымыздағы бір деректе: «1740 жылдарда азаматтары ұрысқа кеткен керей ауылына Ор бекінісінен шыққан орыс солдаттары келіп, «аттарымызды ұрладыңдар» деп жала жауып, бала-шаға, шал-шауқандарды қинап, 60 адамын өлтіреді. Азаматтары қайтып келген соң ызаланған керейлер бeкiнicтi өртеп жіберіп, шығысқа ауа көшеді де, Нұра, Есіл өзендерінің бойына келіп мекендейді. Елді бұл өңірге Машан және Жабай батырлар бастап келді» десе, шыңжандық танымал шежіресі Ақын Байбосынұлы жазып қалдырған мына бір деректе: «…керейлер орыстың Ор бекінісін орыстармен қақтығысып, өртеп жіберіп, шығысқа қарай ауа көшеді. Есіл-Нұра бойына келіп мекендейді. Осы шамада арғындар Сыр бойынан көшіп келе бастайды. Осылай жер тарлық еткен соң Жабай батыр бастаған керейдің бір бөлігі Есіл-Атбасар өңіріне тұрақтап қалса, ашамайлы керейлер Есілді бойлап көшіп кетті. Көп кешікпей жаңадан құрылған Абақ керейлер одағы ойраттан енді босаған шығыс жақтағы  Көксала, Бақанас, Аякөз, Нарын өңіріне қоныстанады. 1752 жылы Жоңғар ханы Даяшы 40 мың қолмен Алатау ауызы арқылы қазақтарға жорық жасағанда, керейлер қайтадан солтүстік-шығысқа қарай ығысып, Шыңғыс тауы, Қалба, Көкбекті, Жайсаң, Маңырақ қатарлы жерлерге барып ірге тепті» дейді («Жәнібек батыр», Семей 2009 ж. 266-б).

Жоғарыдағы тарихи һәм әдеби деректерді қортындылап айтар болсақ, Абақ елі Ордан көшкен соң, Есіл-Нұра бойына келіп азғана жыл отырған. Бұл өңірде осы жылдары Абақ керей тайпасы мекен еткенін дәлелдейтін жер-су атаулары баршылық. 

Мысалы, Қорғалжын ауданының батысында «Керей» атты шағын көл және өзен бар. Көлдің аумағы 63 шаршыметр. Орталық Қазақстанның батыс бөлігінде орналасқан.  Керей өзені Желдіадыр тауынан басталып, Керей көліне құяды. Ұзындығы – 100 км. Дәл өзеннің бойында Арықты ауылының батыс жағында орналасқан шағын көлдің аты – Жәнібек шалқар. Астана қаласынан 40-50 шақырымдай жерде Астана-Қорғалжын тас жолының бойында орналасқан Абақ керейдің өскен атасы «Жәнтекей» атында ауыл бар. 

Жоғарыдағы атаулар Абақ керейлер көшінен қалған топономикалық дерек деп айтуға толық негіз бар. Осы өңірге Ордан қоныс аударған Абақ керейлер 1740-1756 жылға дейін тұрақты қоныстанып тұрғанға ұқсайды. Өйткені, осы өлкедегі Керей аты көл, Керей атты өзен, Жәнтекей және Жәдік атты ауылдар, Жәнібек атты шалқар-көл, т.б. атаулар тегін қойылған жоқ.

Оның сыртында жоғарыдағы Жәнібек шалқардың шығыс жағында тағы бір «Барақ» атты көл бар. Бұл атау Жәнтекейдің немересі  Барақ  батырдың есімі болуы әбден мүмкін. Бұл көл қазір Нұра ауданының жеріне қарайды. Осы сілеммен жалғасып отырып, тура шығысқа қарай түзу тартсаңыз 250-300 шақырымнан соң Ботақара атты шоқыға барып тірелесіз. Үлкен шоқының биіктігі – 669 м. Шоқы Ботақара көлінің оңтүстік-батысында 3 ұсақ шоқыдан тұрады. Бұл да сол Жәнтекей – Сүйіншәлінің бір баласы Ботақара батырдың есіміне қатысты болуы әбден мүмкін.

****

Сөйтіп, 1756-1757 жылдары ойрат хандығы манжы-қытай тарапынан жойылған соң  Абақ елі ежелгі мекені Алтайға баруға аса ықыласты болды. Бұл кезде Абақ елі әбден толысқан, ел басқаратын төресі (Көгедай) бар. Кіммен болса да тең дәрежеде сөйлесе алатын күйге жеткен еді. Оның сыртында аса ақылды, айлакер қазақ сұлтаны Абылай манжы-қытай тарапынан ауыр шығынға ұшырап, ақыры жойылып тынған ойраттың иен қалған жеріне қазақтарды қоныстандыру үшін жанын салды. 

Сөйтіп Абылай хан қазақтарды ойраттан босап қалған Алтай-Тарбағатай өлкесіне қоныстандыру үшін Цин императорына хат жолдады. Қытай боғда ханы Абылайды өзіне қаратып алу үшін 1757 жылы жазылған сарай құжатында: «Абылай сұлтан өздерінің байырғы қонысы Алтай, Тарбағайды сыйға беруді өтінді» делінген. Бірақ қазақтар Тарбағатай өңіріне ұлықсатсыз қоныстанып алған көрінеді. Қытай императоры Цяньлун 1760 жылы сәуір айында соғыс кеңесі жиынын өткізіп, «Тарбағатайға қоныстанғандар (қазақтарды) қуып шығу жайлы» бұйрық бергені баяндалады. (Марат Мұқанов. Қазақ жерінің тарихы. Алматы. Ата-мұра – Қазақстан. 1994 ж. 15-б)

Сөйтіп, 1756-1757 жылдары жойылған ойраттардың бос қалған жеріне Цин үкіметімен келісіп, орта жүз қазақтары қоныстана бастайды. Малға жайлы Алтай-Тарбағатай өңірін қазақтарға қиып бере салу орыс билеушілерінің ішін удай ашытты. Іші тар Ресей 1758 жылы 14 қазанда Сыртқы істер коллегиясының жарлығын шығарып, Орынбор мен Сібірдің жергілікті әкімдеріне «...қазақтарды патшалық шекарасынан сыртқа көшірмеу үшін бетке ұстар адамдарына жағыныңдар, оларға аямай сыйлық беріңдер, орден-медаль тапсырыңдар, көнгендеріне қора-жай салып беріңдер» деп үкім тастайды. (Левшин А.И. Описание киргиз-каймацким или киргиз-казачи орд и степей. Част 2., СПБ., 1832, стр 138.)

Моңғолиялық ғалым Сіләм Қабышұлы Абақ керейлердің Алтайға көшуін Қотырақ батырдың бастауымен бір бөлігі Көкпекті-Қалбадан көтеріліп, Зайсан, Кендірлік, Жеменай, Марқакөл өңіріне 1770 жылы келіп қоныстанған деп топшыласа (Қабышұлы И. Қазақ қауымы. Алматы, 1997, 182-б), қазақстандық жазушы-зерттеуші Әнес Сарай мырза алтайлық шежіресі Абдолла Жабайұлының дерегіне сүйене отырып, Абақ керейлер Қалба өңіріне 1757 жылы қоныстанған, дейді. 

Осы шежірешінің баяндауынша: «1757 жылы 7-мамырда Балқаш көлінің шығысы Аякөз өзенінің жағасында Ежен ханның елшілері Абылай ханмен кездесті. Абылай Ежен ханға бағыныштылық танытқан сыңайлы тарту-таралғы жасап, Бейжіңге елші аттандырды. Яғни, келесі 1756 жылы жазды Ханжығыр, Өміртай, Долан, Азаншы, Танаш, Бекенай бастаған топ Бейжіңге барды және Абылайдың хатын тапсырды. Аталмыш баянхатта: «Өз елінің шеткері өлкесін мекендеуші қазақтар Ежен ханның қамқорлығына зәру. Мен Абылай осы қазақтардың Ежен ханның қол астында болуын шын жүректен қалаймын...» - делінгені айтылады. (Ә. Сарай. Ноғайлы. - Алматы: "Арыс", 2009. -368-б).

Тағы бір дерек, алтайлық шежіресі Зия Мәмиұлының:

Алтайды Абақ керей мекен еткен,

Бөлініп үш жүзден бөлек кеткен,

Чланлүңнің дәл жиырма екінші жылы,

Манчинге тізгін беріп жетелеткен - деуіне қарағанда, расында Абақ керейлер Алтайға табан тіреп Чланлүңнің 22-ші жылы немесе жаңа низамның жыл санауы бойынша 1757 жылы қытайға бағынғандығы айтылады.

Абақ керейлер Көкпекті-Қалбадан жылжып Зайсан көлінің төменгі түбегіне келгенде көш екіге айырылады. Қарақас Байқан батыр бастап Ертістен өткен аңғар тарихта "Қарақас өткелі" деген атпен қалса, жәнтекей Барлыбай би, шеруші Шұбаш батыр, молқы Ештаған батыр бастаған көш Зайсанның сол жақ қапталын қаптай көшіп, Нарын, Қалжыр, Күршім өзендерін жағалай өрлеп, алды Марқакөлге дейін созыла қоныстанады.  Зайсанның оң қапталын жағалай көшкен елді Қотырақ батыр бастады. Бұлар  атақты Шорға жазығын көктей өтіп, Сауыр, Сайқан тауына шашыла орнығып, бір тобы Кендірлікті мекендейді. 

Сөйтіп, Зайсан көлін орай көшкен қауым Қара Ертістің  бойына бас қосады. Жалпы бұл көштің тарихи маңызы жайлы нақты ғылыми-тарихи дәйектеме айтылған жоқ. Кеңестік көзқараспен пайымдаушы кейбір тарихшылар Абақ керей көшін қазақтан бөлінушілік немесе қаша көшу деп бағаласа, екінші біреулер «ежелгі жерді» аңсаудан туған көш дегенді айтады.

 Ал, шын мәнінде бұл көштің басты маңызы Чин патшалығы тарапынан Ойрат хандығының  талқандалуына байланысты босап қалған Алтай өлкесіне орыс пен қытайдан бұрын қазақтар барып, қоныс алып қалудан туған Абылай ханның жоспары еді. Яғни, бұл көш батыстан күшейіп келе жатқан орыс басқыншылығынан болашақта қазақтың бір бөлігі болса да, аман қалсын деген аса көреген саяси мақсаттан туындаған мемлекетшіл идеяның көрінісі деп бағалаған жөн.

Расында Ресей отаршылығы тарапынан қатты зардап шегіп, байырғы болмыс-бітімі мен әдеп-ғұрып, тіл бірлігінен ажырап, орыстануға бет алған атажұрттағы қазақтарға қазіргі шеттен оралушы қандастар олардың жоғалтқан дүниесін әкелуде. Қазіргі таңда бәріміз куә болып отырған жоғарыдағы көріністің бір пұшпағы Абылай саясатының бүгінгі таңдағы жемісі емес пе?!

Әрине, Алтай - Тарбағатай өлкесіне қазақтардың қоныстануын Ежен хан құп көре қоймаған сыңайлы. Бірақ Абылай ханнның "сіздің сенімді бұқараңыз боламыз" деген бірауыз сөзіне иланбасқа басқа шарасы қалмады. Өйткені, Ресей патшасы шығыста пайда болған шұрайлы қонысқа әуелден көз салып, оны иеленіп қалудың жоспар-жобасын ойластыруда еді.

Сондықтан да олар Ежен хан қазақтардың қоныстануы үшін шекара шебін белгіледі. Абылай ханға арнайы сәлем жолдап, "сенің қазақтарың біз белгілеген шекара шебінен өтіп жатыр",-деп ренішті сыңай танытады. (Цинская империя и казахские ханства. Алматы, 1989. Док. №109. 20-21-бб). Осындағы шептен өтіп кеткен қазақтар басқа емес Абақ керейлер болатын дейді, зерттеуші-жазушы Әнес Сарай ағамыз.

Содан кейін шыңжандық тарихшы Міллетхан Әленұлының (1930-1988) 1996 жылы «Жұлдыз» журналының № 1 санында жарық көрген мақаласында Қалба тауынан керейлердің көші Циянь-лун жылнамасының 36-шы жылы, яғни, григориан күнтізбесі бойынша 1771 жылы басталған десе, бұл көшке мұрындық болған тұлғалар ретінде  Қалбадан Алтайға қарай  жылжып, көшіп Қарақас Байқан батыр, Жәнтекей Барлыбай батыр, шеруші Шұбаш батыр, молқы Ештаған  батырдың аты аталыпты. 

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Машан, Жабай, Жәнібек батырлар бастап Есіл-Нұра бойынан қозғалған көш Зайсан ойпатын көктей өтіп, Алтайдың күнгей бетін 1840 жылға дейін тұрақты мекен етіп отырды. Уақыт өте келе, керейлер көші шығысқа қарай қанатын жайып, 1860 жылдары Алтайдың теріскейі Қобда бетіне ауып барды. Қазіргі таңда Қобда бетінде мекен етіп отырған қазақтар арасында Машан батыр ұрпақтары баршылық. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, тарихшы-журналист.

Бөлісу: