Мәселелерді тек анықтап қоймай, оларды шешуге тиіспіз – Нұржігітов

9 Сәуір 2022, 09:35
1765
Бөлісу:
Мәселелерді тек анықтап қоймай, оларды шешуге тиіспіз – Нұржігітов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Қоғамдық қабылдау» кеңсесі тобының мүшелерімен кездесті.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы қаңтар оқиғасынан кейін қоғамның және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жанынан құрылған «Қоғамдық қабылдау» кеңсесі тобының маңыздылығын атап өтті. Топ мүшелеріне үлкен жауапкершілік артылғанын жеткізіп, атқарылған жұмыстар бойынша есептерін тыңдады.

29 адамнан тұратын 9 топ Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарына бекітілген кестеге сәйкес тиісті жұмыстар жүргізген. Бұл туралы айтқан топ жетекшісі Қасымхан Төлендиев Қоғамдық қабылдау кеңсесінің жұмысы өз тиімділігін көрсеткенін хабарлады.

Ол Қаңтар оқиғалары кезінде ұсталғандар мен олардың жақындарымен кездесулер ұйымдастырылғанын, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмектер көрсетілгенін жеткізді.

- Бүгінге дейін Қоғамдық қабылдау тобының мүшелері Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарына екі реттен барып, қоғамдық  қабылдаулар, кездесулер өткізді. 12 елді мекенді аралау барысында 4 мыңнан аса адам қамтылып, 150 мәселе көтерілді. Қазіргі таңда қалған аудандарда кездесулер өткізу үшін осы айға жаңа кесте жасалып, 11 сәуірден бастап шығатын болды,-деді Қ. Төлендиев.

Сондай-ақ ол топ мүшелерінің атқарған жұмыстарына қатысты өзге де нақты мәліметтер бере отырып, қамауда отырған жастар істеген ісіне өкінетінін, олардың жазаларын  жеңілдету жолын қарастыруды сұрады.

Тұрғындар көтерген мәселелер қаншалықты шешімін тапты? Біздің мақсатымыз – аудандағы елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп қайту ғана емес, кездесулер барысында көтерілген мәселелерді шешу. Өзекті мәселелерді тек анықтап қана қоймай, оларды шешу жолын қарастыруға тиіспіз. Сонда ғана түпкілікті нәтижеге қол жеткіземіз, – деген облыс әкімі ол  бойынша жан-жақты бірлескен жұмыстар жүргізу керектігін ескертті.

Аймақ басшысы бұл жөнінде ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаевтан жауаптар алды.    

Кездесуде топ мүшелері Эльмира Мырза-Ғали, Нұрлан Қанатов, Исламбек Дастан және тағы басқалар сөз алып, өзекті мәселелерге назар аудартты.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков «Қоғамдық қабылдау» тобы бұдан әрі орган ретінде жұмыс істейтін болса, оның жұмысын жетілдіру жөнінде жаңа ереже қабылдау қажеттігін ұсынды.

Жиын соңында Нұржан Нұржігітов көтерілген барлық ой-ұсыныстар ескерілетінін баса айтып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы