Мәселелер мен ұсыныстарымызды елдің алдында ашық айтудан қашпауымыз керек – Орынбек

17 Маусым 2022, 10:44
1490
Бөлісу:
Мәселелер мен ұсыныстарымызды елдің алдында ашық айтудан қашпауымыз керек  –  Орынбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлытаудың тарихи мазмұнын,  Жошы әулетінің  ізін — туризм көзіне айналдырып,  сәулеті мен сәні келіскен әрі әлеумет-мәдениеті өрлеген облыс орталығына айналуына жұмыла үлес қосайық дегенді айтты  заңгер,  Ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек.

«Құрылтайға Ұлытаудың басына жиналамыз дегенде»  алғашында айдалада не бар, қаншама қаражат құртып, елді сандалтып деп ойлағанымды жасырмаймын. Сөйтсем,  Президентіміз бізге Ұлытау облысын не үшін құрғанын тереңінен түсіндіріп, көзімізге шұқып тұрып көрсетейін деген екен ғой.  Көзбен көргенім: жезі мен кені қазылған, Ұлылар мекен еткен Жезқазған — ұрылар мекеніне айналып, жоқ болып кетудің алдында сәл-ақ қалыпты. Иә, бүтін бір қала — ұрылардың қолына түсіп, талан-таражға түсіп, түк қалмағандай... Тіпті күні кеше қырғын соғыс болып, салдарынан ел ес жия алмай жатыр дерсің! Рас, - деп жазды ол.

Ол Жезқазған тұрғындары оған өңірдің мүшкіл халін айтып,  бірнеше мәрте хат жазғанын да айтты.

 «Кейінгі 10 жылдың ішінде «Жезқазған азып-тозып барады. Өз алдына облыс болуы керек»  дегенді ел арасында еститінмін. Тіпті ондағы ағайын менің жекеме ауызсу мәселесін де айтып, жазып жүрді.  «Айгүл ханым,  ауызсуды үнемдеуден шаршадық.  Ит түсіп,  көлік жуылатын суға күніміз қарауда. Су тазартатын гидроцех арқылы тазартып жатқанымен, бәрібір тіршілік нәріне зәруміз.  60-70 процентке дейін Кеңгір дейтін ашық су қоймасынан аламыз.  Ұлытау жақтан Қаракеңгір деген өзен арнасынан едәуір тасыған жылдары құяды. Ал су келмесе, ол тоқтау су болғандықтан, таяздап сасып, көгере иістеніп кетеді. Су тапшылығы,  судың сапасыздығынан шаршадық. Бізге келіп көріңізші, өзіңіз араша түсіңізші» деген мазмұндағы хаттар кеп жатқан соң, арнайы баруды жоспарлап та жүргенмін.  Бірақ, басқа өңірлердегі өзге де өзекті мәселелермен бас қатырып,  ол жаққа жол түсер деп кейінге шегеріп келдім. Себебі, мұндағы ағайынның жағдайы соншалықты мүшкіл деп ойламадым, - деп жазды Айгүл Орынбек. 

Жезқазғандағы ауызсудан бөлек қордаланған тағы бір проблема — жол екнін де айтты.

Несін жасырайын,  кешегі сапарда «шок» болдым!  Енді Құдайдың ауызсуына зәру болып отырған қаланың қазіргі  инфрақұрылымы мен сәулет-құрылысы туралы айтудың өзі артық шығар?! Бірақ, Мемлекет басшысының өзі бізді көрсін, білсін деп осында арнайы жиып әкелген соң, Ұлытаудың тынысы туралы айтпай тіл тістеп, бұғып немесе бұл тақырыптан айналып өту — мендік қасиет емес екенін жақсы білесіздер! Сондықтан,  «түйткілдерге» тоқтала кетейін: Жезқазғандағы ауызсудан бөлек қордаланған тағы бір проблема — жол, иә Жезқазған-Қызылорда жолы екен. Жауын жауса жұртшылық батпаққа малынып,  азапқа түсетін көрінеді. Тұрғындар тіпті бұл жолдың салынып-салынбай жатқанынан да бейхабар. Күте... Сарыла шаршаған. Үмітін үзген! Сол үшін құрылысы басталған жол созбалаңға салынбай, халық игілігі үшін тездетіп аяқталуы керек! Сосын,  қала аумағында мыс зауыты бар,  оған Байқоңырдан ұшқан зымырандардың бөлшегімен бірге құлайтын протонды қосыңыз. Ал енді ауа,  экологияның сапасы туралы ойлана беріңіз, - дед ол.

 Жезқазған облыс орталығы болудан қалған 20 жыл ішінде бірде-бір көппәтерлі тұрғын үй салынбаған.

Бұл жерден халықтык қоныс аударып кетуінің және әлі де жаппай көшуінің  себебі — ауызсу ғана емес, сапасыз ауа  екенін де ескерсек, жедел түрде озық заманауи технологияның көмегіне жүгінген жөн-ақ.  Яки, ауаға тарайтын зиянды заттарды азайту үшін күкірт қышқылы цехын жаңарту қажеттілігі туындап отырғаны анық. Себебі,  60 жылдан бері ескі технологиямен жұмыс істеп тұрған цехтың тозығы жеткені айтпаса да түсінікті! Сосын,  Байқоңырдан ұшатын зымырандардың екінші бөлінетін сатысы Жезқазғаннан 60-70 шақырымдағы Жетіқоңыр даласына құлап келген дейді. Одан бөлек, жергілікті тұрғындардың көбі шахталарда, кеніштерде, зауыт-фабрикаларда жұмыс істейтіні белгілі.  Алайда, таңданатыны сол — Ұлытау өңірі экологиялық апат алдындағы аймаққа жатпайды екен. Сонда, бұл — халық қаржысына үстемеақы төленбей келгенін көрсетеді ғой. Бұл қаншалықты дұрыс? «Жас мамандар,  дәрігер,  мұғалімдер Қарағанды, Астана, Алматыға сауғалап жатыр, кадр жетіспейді» дейді. Енді олар қайтсін?! Е, тәуір ақша бермесе, ауызсу мен ауаға жарымаса,  қала сәулеті мен экологиясының түрі мынау болса?! Сенсеңіздер,  Жезқазған облыс орталығы болудан қалған 20 жыл ішінде бірде-бір көппәтерлі тұрғын үй салынбаған өз көзімізбен көріп қайттық, - деді ол.

Айгүл Орынбек  Ұлытаудың тарихи мазмұнын,  Жошы әулетінің  ізін — туризм көзіне айналдырып,  сәулеті мен сәні келіскен әрі әлеумет-мәдениеті өрлеген облыс орталығына айналуына жұмыла үлес қосайық дегенді тілге тиек етті.

Ел Президентінің Ұлытау облысын құрудағы негізгі көксеген мақсат-межесін кешегі Құрылтайға барған мен ғана емес,  кеңестің барша мүшелері терең түсінді деген сенімдемін. Сондықтан, ондағы мәселелер мен ұсыныстарымызды — елдің алдында осылай ашық айтып,  көтеруден қашпауымыз керек! Керісінше,  Ұлытаудың тарихи мазмұнын,  Жошы әулетінің  ізін — туризм көзіне айналдырып,  сәулеті мен сәні келіскен әрі әлеумет-мәдениеті өрлеген облыс орталығына айналуына жұмыла үлес қосайық, - деп жазды заңгер.

Ол облыс орталығына жаңа барған әкім Берік Әбдіғалиұлына да артылған жауапкершіліктің жүгі басым екенін айтты.  

Дейтұрғанмен,  тарихи жерді атына — заты сай етіп түрлендіріп, даму жолында аянбай қызмет етіп, халықтың үмітін ақтайды деген — ниет бар, тілек бар, - деді ол.

 Ал Ұлттық құрылтайда қаузалған негізгі мәселерге келетін болсам: тіл, мәдени мұра,  спорт,  білім салалары талқыланып, бұл бағыттағы жаңа реформалар қабылдануы қажет екендігі ашық айтылды.

Президентіміз Қасым—Жомарт Кемелұлы Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырғаны қуантты. Бұл бастама кеңестегі «елім» деген қауымға ерекше екпін сыйлап,  рухтандырды! Құрылтай төрағасы латын қарпіне қатысты жаңа әліпби жайын,  жастарлың латын графикасындағы жазылу тәртібін жіті білу маңыздылығын да меңзеді.  Бәрінен бұрын,  25-қазанды қайтадан Республика күні мерекесі ретінде қабылдаудың өзі — зор мәртебе! Халық ақыны Мұхтар Ағамыз да жоғары марапат алды, құрметке бөленді,  шын қуандым! Құттықтаймын! Айтпақшы, келесі келелі кеңес рухани шаһар — Түркістан төрінде өтпек.  Айтылатын,  жоғарыға жеткізетін жайттар мен көптің көкейтесті мәселелері көп-ақ...  Бастысы,  бұл үшін Бізге осылай мүмкіндік берілді!  Ал Жаңа Қазақстанды құрып,  қалыптастыруда кемшіліктерді түзеу — өзгеден емес, өзімізден  де басталатынын ұмытпайық!  Ел де,  жер де,  Отан да — тек өзімізге керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы