Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының қонағы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі білім деңгейінің айырмашылығындағы проблемаларды түсіндірді.
Қазақ тілі мен орыс тілінде білім алатын балалардың білімінде айырмашылық бар деген түсінікке тоқтала кетті.
Мұндай тұжырымдамаларды алдымен ғылыми тұрғыда қарастыруымыз қажет. Нақты ақпарат болуы керек. Бізде алып-қашпа сөз көп. Қазақ тілінде емес, басқа тілдерде оқығандардың білім сапасы тілге қатысты деген пікір дұрыс емес. Мәселе тілде емес. Мысалы, ҰБТ өткенде қазақ тілінде тапсырған балалардың ұпайлары өте жоғары екенін байқаймыз. Одан бөлек, қазақ тілінде оқитын балалар халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл жерде мәселе қазақ тілінде емес, мәселе сол мектептердің деңгейінде, - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр атап өткендей, елде өңірдің алшақтығы мәселесі бар. Мысалы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарының мектеп оқушыларының білім деңгейі және Қарағанды, Павлодар, Жамбыл облысының білім сапасын салыстырсақ, айырмашылық бар. Ол өңірдің өзіне байланысты емес. Айырмашылық өңірдегі инфрақұрылымның, мұғалімдердің жеткіліксіздігіне байланысты.
Жаңа мен айтқан өңірлерде көбінесе қазақша оқитын мектептер орналасқан. Яғни қазақи орта болғаннан кейін халықаралық зерттеулерде қазақ тілінің проблемасы сияқты болып тұрады. Көбінесе ауыл мен қала алшақтығы туралы да жиі айтылады. Алайда Қарағанды, Павлодар облыстарындағы ауылдың мектебінің білім деңгейін Түркістан, Маңғыстау облысы қалаларының білім сапасымен салыстыратын болсақ, онда қаланың деңгейі ауылдан да төмен болып тұратынын байқаймыз. Яғни бұл жерде мәселе ауыл не қалада емес, инфрақұрылым проблемасында, - деп түсіндірді Білім басшысы.