Маса арқылы жұғатын аурулардан қалай сақтануға болады?

9 Сәуір 2023, 15:15
2281
Бөлісу:
Маса арқылы жұғатын аурулардан қалай сақтануға болады?
Фото: Википедия

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маса арқылы жұғатын вирустық инфекциялардың көбейгенін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ББҰ жаңалықтар орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, олардың қатарында денге мен чикунгунья вирустық инфекциялары әлем елдерінде күрт өсіп отыр.

ДДСҰ бұл вирустардың тез таралуына жаһандық жылыну әсер етуі мүмкіндігін айтуда. Сондай-ақ жауын-шашынның мөлшерден көп жаууы да масалардың көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Климаттың өзгеруі вирусты тасымалдаушылар үшін бұған дейін олар табиғи мекендемеген өңірлерге таралуға себеп болады.

 

Денге

ДДСҰ деректері бойынша, денге вирусын жұқтырудың 2000 жылы 505 мың жағдайы тіркелсе, 2019 жылы 5,2 млн-ға дейін өскен. Ал 2022 жылы Латын Америкасы аймағында көрсеткіш 2,8 млн жағдайға жетіп, 1280 өлім орын алды. 2023 жылы да көбею үрдісі тоқтамай тұр.

Әсіресе Боливия, Парагвай мен Перуде жағдай мүшкіл. Азиядағы жағдай да көңіл алаңдатады.

Денге қызбасы – масалар тарататын ең көп таралған инфекциялардың бірі. Көбінесе вирус тропикалық және субтропикалық климатта кездеседі. Денге қызбасын жұқтырғандардың басым көпшілігінде ауру симптомсыз түрде өтеді. Ал егер байқалған жағдайда ауруға тән белгілер: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, дененің ауырсынуы, жүрек айну мен бөртпе.

 

Чикунгунья

Чикунгунья Парагвай, Аргентина мен Боливияда көп таралған. Сондай-ақ Бразилия мен Латын Америкасы өңірінде кездеседі.

Бұл вируспен қатар кейде менингоэнцефалит пен неонаталдық өлім-жітім жағдай да орын алуы ықтимал. Ауруға әсіресе диабет, гипертониямен ауыратын, иммунитеті әлсіз 60 жастан асқан адамдар бейім келеді.

Чикунгунья кезінде де қызба мен буындар ауырып, тамырлар ісініп, бұлшықеттің ауырсынуы, бас ауруы, жүрек айну, шаршағыштық пен бөртпе орын алады.

Чикунгуньяға қарсы ем немесе вакцина әлі күнге ойлап табылған жоқ.

Зика

ДДСҰ Зика қызбасын жұқтырғандар соңғы кезде әжептәуір азайғанын атап өтті. 2017 жылы 50 мың жағдай тіркелсе, 2018 жылы – 30 мың адам вирусты жұқтырған.

2023 жылғы соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, ресми түрде Зиканың тек 3 мың жағдайы тіркелген. Олар: Бразилия, Боливия, Гватемала, Белиза мен Колумбияда анықталған.

Зика қызбасы да латынамерикалық елдерге тән ауру. Жүкті әйелдер үшін аса қауіпті вирус микроцефалияға және баланың туабіткен ақауларына әкелуі мүмкін.

Инфекцияның сонымен қатар Гийена-Барре синдромы, невропатия және миелит сынды неврологиялық асқынулардың дамуына себеп болу қаупі жоғары.

 

Сақтық шаралары

Бұл вирустық аурулардың алдын алу ең қарапайым тәсілі – маса шағуды болдырмау.

ДДСҰ дененің көп бөлігін жауып тұратын ашық түсті ұзын киім киіп, маса шағудан қорғайтын құралдарды қолданып, масадан қорғайтын торша орнатылған ғимаратта ұйықтауға кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы