Швейцарияның Swiss International Air Lines (SWISS) әуе компаниясы биыл мамыр айында Женевадан ұшуы тиіс рейс алдында мас күйде болған деген күдікке ілінген екі ұшқышты қызметінен шеттеткенін мәлімдеді. Бұл туралы dpa-international агенттігі хабарлады.
Компанияның сейсенбі күні хабарлауынша, ұшуға бірнеше сағат қалғанда экипаж мүшелері екі ұшқыштың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, бұл туралы басшылыққа хабарлаған.
SWISS мәліметінше, екі ұшқыш әуежайға бармай тұрып-ақ қонақүйде рейстен шеттетіліп, олардың орнына басқа ұшқыштар тағайындалған. Экипаж ұсынған мәліметтер олардың ұшуды қауіпсіз орындай алатынына күмән келтіруге жеткілікті болған.
Содан бері бұл екі ұшқыш бірде-бір рейске шыққан жоқ. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу әлі де жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді әуе компаниясы.
Сондай-ақ компания қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілеріне аса жауапкершілікпен қарайтынын және мұндай жағдайлар еңбек заңнамасына сәйкес тиісті салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Жеке өмірге қол сұқпау қағидатына байланысты SWISS ұшқыштардың азаматтығын, сондай-ақ Женевадан ұшуы жоспарланған рейстің нақты бағытын жарияламады.