Маржықпаев Қырғыз республикасының елшісімен тау туризмін дамыту мәселесін талқылады

10 Қазан 2023, 20:47
807
Бөлісу:
Маржықпаев Қырғыз республикасының елшісімен тау туризмін дамыту мәселесін талқылады
Фото: Туризм және спорт министрілігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дастан Дүйшекеевпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрілігінің мәлімдеуінше, тараптар туристік саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, тау туризмін дамыту туралы тақырып көтерілді. Министр ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін реттеу тәртібі туралы келісім жасасу мәселесіне қайта оралуды ұсынды.

Келісім Тянь-Шань тауларында біздің ортақ шекарамызды кесіп өту кезінде туристер арасында жыл сайын туындайтын бірқатар түйінді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, сондай-ақ тұтастай алғанда тау туризмінің дамуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, Тянь-Шань тау бөктері мен шатқалдарында біздің елдеріміздің аумағында жаңа жаяу маршруттар құруға жағдай жасайды, – деді Ермек Маржықпаев.

Министрдің айтуынша, келісім жобасы жақын арада Қырғыз тарапына жіберіледі. Сөз соңында Ермек Маржықпаев 15 қыркүйекте Ақтауда өткен туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумға қатысқаны үшін қырғыз тарапына алғыс білдірді.

Сондай-ақ, ол Қырғызстаннан келген делегацияны түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің туризм министрлерінің VIII отырысына және осы жылдың қазан айында Түркістанда өтетін «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» халықаралық туристік форумына шақырды.

Өзгелердің жаңалығы