Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада барлық деңгейдегі білім беру сапасын арттыруға көп көңіл бөлініп келеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен жылы өңірде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар толық мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілгенін, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды оқытумен қамту 83,5%-ға жеткенін атап атап өтті.
Оның сөзінше, өңір алдында 2025 жылға қарай осы санаттағы балаларды 100% қамту міндеті тұр.
Бүгінде облыста 1260 орындық 5 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Көкшетауда есту қабілеті нашар балаларға арналған 280 орындық және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 166 орындық екі мектепке дейінгі ұйым салынуда.
Орта білім беру жүйесінде аралас оқыту жағдайында оқу процесінің тиімділігін арттыру үшін барлық жағдайлар жасалуда. 34 білім беру нысанының, оның ішінде 16 мектептің құрылысы мен қайта жаңғыртылуы жалғасуда, олардың қатарында 4 мектеп және облыс орталығындағы 960 орындық екі орта мектепке қосымша 2 корпустың құрылысы бар. Бұл өңірдің төрт мектебінде үш ауысымдылық мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деді Ермек Маржықпаев.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік органдар мен халықаралық қорлардың оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы сындарлы өзара іс-қимылының жарқын мысалы Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданындағы «Білім – инновация» мектеп-лицейлері болып табылады.