Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының 18-турында Шымкенттің «Ордабасы» командасы мен Қостанайдың «Тобылы» тең түсті. Ал «Қайрат» өз алаңында Қызылордадан келген «Қайсарды» аяған жоқ.
«Есеп нәтижесі ойынымызға сай болды. Біздің ойынымыз мәз емес екені белгілі. Бірінші минуттан бастап, барлық стандарттық жағдайда қарсыласқа есе жібердік. Соның арқасында алғашқы гол қақпамызға кірді. Үзілісте бірдеңе өзгерткіміз келіп еді, болмады. Екінші таймның басында тағы бір доп жібердік. Ойынға агрессия жетіспеді. Ал өзіміздің шабуыл тіптен баяу болды. Бар-жоғы бір-екі қауіпті сәт ұйымдастыра алдық. «Жетісу» жеңіске лайықты болды. Бұл жерде есептің 1:0 немесе 4:0, болғаны аса маңызды емес. Жеңіліп жатсақ та, олай салымыз суға кетуге болмайды. Енді, бұл жағдай жөнінде футболшылармен жеке сөйлесемін. Командада бірқатар мәселелер бар. Соны шешу үшін жұмыс істейтін боламыз», – дейді «Ертіс» бапкері Милан Миланович.
«Жетісу» (Талдықорған) – «Ертіс» (Павлодар) – 4:0
Голдар: Керімжанов, 29 (1:0). Адамович, 45+3 (2:0). Алтынбеков, 47 (3:0). Аслан, 75- автогол (4:0).
Осының алдында Қызылордада «Қайсар» Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен ұтып тұрып, жеңісті уыстан шығарып алған еді. Бұл жолы сондай жағдай «Шахтердің» өзінде қайталанды.
Чемпионаттың аутсайдері «Ақтөбемен кездескен «кеншілер» командасы үзіліске дейін Иван Пешич пен Сергей Зеневтің арқасында есепте алға шыққан болатын.
Бірақ екінші таймда 7 мыңнан астам жанкүйердің алдында жан беріп ойнаған алаң иелері таразы басын теңестірі алды. Енді «Ақтөбенің» бір ұпайы бар. Бірақ премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға өте алыс.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Шахтер» (Қарағанды) – 2:2
Голдар: Зенев, 30 (0:1). Пешич, 38 (0:2). Кәкімов, 64-пенальтиден (1:2), Айымбетов, 70 (2:2).
Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы өз алаңында «Таразды» жеңді. Бірақ тағы да төреншінің күмәнді шешімі байқалып қалды.
Негізі, бірінші таймда «Тараз» гол соғып, есепте алда келе жатқан. Вахид Масудов шәкірттері кемі бір ұпай алып кетуге мүмкіндіктері болған. Оған төрешнің күмәнді әрекеті мүмкіндік бермеді. Алдымен, бірінші таймның соңында түсініксіз жағдайда «Тараздың» қорғаушысы Неманья Йовановичты алаңнан қуды. Сосын қонақ команда қақпасына пенальти белгіледі. Осыдан кейін «Тараздың» ойыны жүрген жоқ...
«Алаңда мынандай жағдай орын алған соң, ойынға қатысты пікір айту да қиын. Өкінішке қарай, футболшылардың көбісінің осыған қатысы бар. Менің ойыншым алаңнан қуылғанға дейін Кислицын оны аяғынан теуіп, арандатқан болатын. Керсінше, сол алаңнан қуылуға лайықты еді. Меніңше, біз тым қатты еркіндік беріп қоямыз. Футболшылар осындай цирктің қатысушысына айналып шығады. Ал төрешілер ештеңені ажырата алмайды. Бұл өкінішті жағдай, үлкен проблема. Мұндай қарым қатынасқа байланысты халықаралық аренада қиындықтар болады. Әділдік үшін осындай әрекеттерге жол беруге болмайды. Біз ұлттық құрамаға футболшы дайындаймыз. Әрине, олар бізден артық ойынды түсінеді. Алайда, соған қарамастан «Таразға» бұлай қараулары дұрыс емес. Бірінші таймда өте жақсы ойнадық. Ешқандай командаға мұндай әрекет ойластыруға болмайды», – деді ойыннан кейін «Тараз» бапкері Вахид Масудов.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Тараз» (Тараз) – 3:1
Голдар: Ньюадзи. 35 (0:1). Стоянович, 49-пенальтиден (1:1). Касрадзе, 75- автогол (2:1).Жұмаханов, 80 (3:1).
«Қайрат» еурокубоктағы жорығын бастаған соң, «Қайсармен» ойында Бауыржан Исламхан, Адеринсола Эсеола секілді көшбасшыларына қосалқы құрамда қалдырған болатын. Бірақ соның өзі Қызылорда командасына көмек болған жоқ.
«Қайрат» бес гол соқты. Тіпті, Мартон Эппель өзінің спорттық карьерасындағы алғашқы хет-тригін орындады. Сонымен қатар, бұл Қазақстан премьер-лигасының да осы маусымдағы алғашқы хет-тригі екен.
«Менің көңілім толады. Команда алғашқы 75-78 минутқа дейін өте жылдам, динамикалық футбол көрсетті. Өзім қалаған ойынды тамашаладым. Бүгін командада ротация жасадық. Адам Адахаджиев премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Ол үшін өте қуаныштымын. Жігіттер өздерін жақсы жақтарынан көрсетті. Еуропа лигасының ойынынан кейін ұзақ жол жүріп келдік. Сондықтан аздап қобалжу болған еді. Қайта қалыпқа келуге уақыт тығыз болды. Командада 25 футболшы бар. Оларға рахмет айтамын. Енді, Еуропа лигасының ойынын ұмытпау керек. Босансуға уақыт жоқ», – дейді «Қайрат» бапкері Алексей Шпилевский.
«Қайрат» (Алматы) – «Қайсар» (Қызылорда) – 5:1
Голдар: Эппель, 16 (1:0). Эппель, 59 (2:0). Абикен. 62 (3:0). Эппель, 73 (4:0). Исламхан, 81-пенальтиден (5:0). Барсегян, 89 (5:1).
«Тобыл» мен «Ордабасының» биыл чемпион атануға мүмкіндігі жоғары. Сондықтан жанкүйерлер бұл екеуінен қызықты кездесу күткен еді. Бірақ Шымкенттегі ойында есеп ашылған жоқ. Екеуі де Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан соң, аса қатты белсене қоймаған секілді. Осы тең ойынның арқасында «Тобыл» қайтадан бірінші орынға көтерілді.
«Жоғары деңгейдегі матч болды. Чемпиондыққа соңына дейін таласатын, екі көшбасшы ұжым ойнады. Екі команда да Еуропа лигасына қатысып жатыр. Соған қарамастан ойынымызға екінші таймда қарқын қостық. Осындай ойындарда тек бір гол кездесу тағдырын шешіп кетеді. Бірақ сол бір голды соғу қолымыздан келмеді. Соңғы матчтарда біздің команда өте тұрақты жəне жақсы ойын көрсетіп жүр. Əр ойынның алдында біздің жанкүйерлердің талапшыл екендігін айтамын жəне біз бұған құрметпен қараймыз.Олардың қалай қолдау көрсететінін жақсы білеміз. Сондықтан ойыншылар да бар күштерін салып ойнайды. Алайда, футбол болған соң, бәрі біз ойлағандай бола бермеуі мүмкін». – деді ойыннан кейін «Ордабасы» бапкері Кахабер Цхададзе.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:0
Осы турдағы «Астана» мен «Атырау» арасындағы матч 3 сәуірде өтіп кеткен болатын.