АҚШ-тағы Рочестер университетінің ғалымдары Марс пен Жер бедері арасында бұрын белгісіз болып келген ұқсастықты анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жаңалық халықаралық Icarus ғылыми журналында жарияланды.
Зерттеу авторларының айтуынша, Қызыл планетадағы кейбір кратерлер құрылымы жағынан Жердің солтүстік ендіктеріндегі топырақ көтерілімдеріне қатты ұқсайды. Мұндай ұқсастық алғаш рет байқалып отыр және ол Марстағы мүмкін тіршілікке қатысты тың мәліметтерге жол ашуы мүмкін.
Ғалымдар Марстың кейбір бөліктерінен толқынды пішіндегі жер бедерін байқаған. Мұндай құрылым Жерде де бар – ол көбіне Арктика мен Скалистые таулар сынды суық, таулы аймақтарда кездеседі. Геологияда бұл құбылыс солифлюкция деп аталады. Ол топырақтың үнемі тоңып, қайта еруі нәтижесінде беткейлермен төмен сырғып, пластикалық ағын түзуінен пайда болады.
Зерттеу авторларының бірі Рейчел Глейд бұл пішіндер кей жағдайда сұйықтықтарда да байқалатынын мысалға келтіреді.
Мәселен, қабырға бойымен төмен ағып жатқан бояу тамшыларын қараңыз – дәл сондай толқынды із қалдырады. Марста да осыған ұқсас бедер қалыптасқан, – дейді ол.
Айырмашылық тек көлемінде: Марстағы мұндай құрылымдар Жердегілерге қарағанда шамамен 2,6 есе биіктеу. Ғалымдар мұны Марстың тартылыс күші әлсіз болуымен түсіндіреді.
Бұдан бөлек, зерттеу Марста да Жерге тән қату мен еру кезеңдерінің болғанын көрсетеді. Бұл – планетада бұрын су болғанының тағы бір дәлелі. Ал су болса – тіршіліктің басты алғышарты.
Бұл зерттеу бізге басқа планеталарда тіршілікке ықпал ететін немесе оны шектейтін табиғи жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді, – деді зерттеу авторларының бірі Джон Пол Слейман.