Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект көмегімен жандандыруға қатысты түсініктеме берді. ҚМДБ мұндай әрекеттің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына байланысты болатынын мәлімдеді.
Діни басқарма түсіндірмесінде марқұмның бейнесін табиғи қимылдарына ұқсас етіп жандандыру оны сағынғанда еске алу, көңіл жұбату және жақсы естеліктерді жаңғырту мақсатында жасалса, оған рұқсат етілетіні айтылған.
Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша: "Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты" деп белгіленген. Егер марқұмның суретін жасанды интеллект арқылы табиғи қимылдарына ұқсас түрде жандандырудың мақсаты оны сағынған кезде еске алу, көңіл жұбату және жақын адамын жақсы естеліктермен еске түсіру болса, мұндай технологияны қолдануға рұқсат етіледі. Себебі бұл әрекеттің мақсаты шариғатқа қайшы емес және онда тыйым салынған нәрсе жоқ. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады, – деді басқармада.
Мүфтият технологияны қолдану адамның шынайы өмірден алшақтауына, қайғысын қайта күшейтуіне немесе психологиялық зиян келтіруіне себеп болса, бұған жол берілмейтінін атап өтті.
Марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткен шаққа байланып қалуға, қайғы-қасіретін қайта күшейтуіне немесе Алланың өлім туралы белгілеген тағдырына іштей қарсылық сезімін тудыруға себеп болса, мұндай әрекетке тыйым салынады. Өйткені бұл адамның өзіне және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін, – деп хабарлады ҚМДБ.
Діни басқарма марқұмдардың бейнесін коммерциялық жарнамада пайдаланып, өнімді жалған түрде насихаттаудың да дұрыс еместігін атап өтті.
Егер суретті жандандырудың мақсаты, марқұмға шын мәнінде айтпаған сөздерді айтқызу, оған тиесілі емес пікірлерді телу немесе жалған ақпарат тарату болса, мұндай әрекетке қатаң түрде тыйым салынады. Себебі бұл ақиқатты бұрмалау және қайтыс болған адамға қатысты өтірік айту болып саналады. Әсіресе кейбір жағдайларда мұндай технологиялар өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамаларда пайдаланып, өнімді шынайы емес түрде насихаттау үшін қолданылуы мүмкін. Бұл адамдарды алдауға және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкеледі. Ал шариғатта бұған тыйым салынған, – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ Жетісайдағы тойда уағыз айтқан ер адамның әрекетіне қатысты мәлімдеме жасап, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға және әр адамның ар-намысына құрметпен қарауға шақырған болатын.