Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы браконьерлер ұсталды

21 Тамыз 2019, 19:30
3775
Бөлісу:
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы браконьерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінің аумағында ұзақ уақыт бойы браконьерлікпен және Майқан» балығы уылдырығының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың криминалдық іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.

ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің және балық ресурстарын заңсыз аулауға, сатуға қатысы бар басқа да адамдардың браконьерлік әрекеттері әшкереленді. Олар аталған айырықша қорғалатын нысанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің орнына өздері заңсыз әрекеттерге барған.

"Уылдырықты өткізудің негізгі арнасы жойылды, ұйымдастырушылары ұсталып, қамауға алынды. «Майқан» (ускуч) балығын браконьерлік жолмен аулауға, сатуға қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, ұстау бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 90 литр уылдырық, мыңнан астам заңсыз ауланған «Майқан» (ускуч) балығы, сондай-ақ 3 млн.800 теңге сомасында ақшалай қаражат, балық аулайтын торлар, рация және тіркелмеген пистолет алынды", - делінген таратылған ақпаратта.

Тергеу барысында аталған кезеңде Марқакөл көлінен бір тоннадан астам «Майқан» (ускуч) балығы заңсыз ауланғаны анықталды.

Уылдырықты алғаннан кейін қылмыскерлер балықты күзетілетін аймақтағы жерге көміп кеткен. 

"Бұрын тоқтатылған 4 қылмыстық іс өндіріспен қайта жаңғыртылды, осы істер бойынша 22 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын 4 тонна «Майқан» (ускуч) балығы алынды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды Соның негізінде табиғи қорықтың қоршаған ортасына келтірілген экологиялық залал анықталтын болады. Сондай-ақ, ІІМ аталған аймақтың браконьерлікпен байланысты проблемалық мәселелерін қарастыруда", - делінген таратылған ақпаратта.

  Жыл басынан бері қорықтарда бірнеше резонансты оқиғалар болып, браконьерлік мәселесіне мемлекет басшысы ерекше назар аударған болатын. 29 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттер-аккаунтында мемлекет қорғауындағы Марқакөл көліндегі майқан балығын уылдырығы үшін заңсыз аулап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу туралы жазған еді:

Өзгелердің жаңалығы