Шымкент экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов сот процесінде өз позициясын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталып отырған Марат Әйтеновке қатысты сот отырысы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Марат Әйтеновтен судья кінәсін мойындайтынын не мойындамайтынын сұрады.
Деректермен толық танысып шықтым. Оған қосарым жоқ. Оның қалай болғанын да түсіндірдім. Мойындаймын. Осы болған оқиғаға шын көңіліммен өкінемін. Кешірімімді сұраймын, - деді айыпталушы.
Ол соттан өзіне қатысты істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұрады.
Марат Дүйсенбекұлы (айыпталушы Марат Әйтенов – ред.) тағылған теріс қылық бойынша кінәңізді толық мойындайсыз ба? Дұрыс түсіндім бе? – деп төрағалық етуші судья қайталап сұрады.
Әйтенов кінәсін толық мойындайтынын жеткізді.
Толық мойындаймын. Өкінемін. Оның қалай болғаны, мән-жайдың бәрі көрсетілген. Оған тағы қосарым бар. Өсіп келе жатқан бала-шағам бар. Осы жерде болып жатқан мән-жай интернетке шығып кетсе, балаларыма қатты әсер етуі мүмкін. Себебі олар оқушылар. Мәліметтер осы жерде қалып, сыртқа шықпаса деген өтінішім бар, - деп сұрады айыпталушы.