Бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталып отырған Марат Әйтеновке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот процесінде Әйтенов оқиға қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дана Әтешованы ұрып-соғып, шашынан тартқан емеспін. Дана Әтешоваға, балаларыма қауіп төнгеннен кейін әке міндетін орындау үшін сот орындаушысы хабарласқан болатын. Ол жерде болған себебім осы. Ұрған жоқпын, соққан жоқпын. Мәжбүрлеген жоқпын. Зорлық-зомбылық көрсеткен емеспін, - деді айыпталушы.
Ол Әтешованың денесі қалай көгергенін білмейтінін айтты.
Оның (денесі көргенін – ред.) мән-жайын білмеймін. Бірақ сараптамада жазылған. Сараптама 13 шілдеде болған. Ал маған тағылған айып 12 шілдеде болған. Сараптамада Әтешованың денесіндегі көгерген жерлер 1-3 тәулік бұрын болғаны көрсетілген, - деп түсіндірді Марат Әйтенов.
Айыпталушы оқиға болған күні жәбірленушінің аяқ-қолын ұстағанын мойындады.
Аяқ-қолын ұстағаным рас. Басы жерге ұрылмасын деп екі қолымды басының астына қойып, өзі (Дана Әтешова – ред.) жерге құлап жатқанда ұстағаным рас. Оған екеуіміз сөйлесейік деп ұсыныс жасадым, - дейді ол.
Адвокаттың Әтешованы сүйрегені не сүйремегені туралы сұрағына Марат Әйтенов “жоқ” деп жауап берді.
Жоқ, сүйреген жоқпын. Далаға шығарғанда, құлайын деп жатқанда құшақтағаным рас. Қолымда басының астына қойғаным рас. Шашынан тартқаным жалған, - деп түсіндірді айыпталушы Марат Әйтенов.
Ол Дана Әтешоваға теріс әрекет жасау пиғылы болмағанын жеткізді. Ол керісінше балаларының анасы мен балаларын қауіптен сақтағысы келген және енді осы әрекеті бойынша айыпталып отыр.
Прокурор Әйтеновтен “неге Әтешованы далаға шығардыңыз?” деп сұрады. Әйтеновтің айтуына қарағанда, үйдің ішінде сот орындаушылары болған. Әтешова олардың көзінше, жанжал шығарып, Әйтеновті сабалап, сот шешімінің орындалуына бөгет болған. Осы кезде Әйтенов Дана Әтешоваға сыртқа шығып, бейбіт жолмен сөйлесуге ұсыныс жасаған. Әйтенов далаға шыққанда Дана өзі құлап жатқанда жердегі тасқа басымен соғылып қалмасын деп басын қолымен сақтап қалған.
Еске сала кетейік, Марат Әйтенов кінәсін мойындап, кешірім сұрағаны туралы осыған дейін жазғанбыз.