Әлеуметтік желіде сериялық кісі өлтіруші туралы жалған ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ "Наш Костанай" сайтына сілтеме жасап.
10 наурызда әлеуметтік желіде төрт қыздың, оның ішінде кәмелетке толмағандардың өлтірілгені туралы ақпарат пайда болды. Кейбір хабарламаларда медициналық колледж студенті қаза тапты деп жазылды.
Алайда Қостанай облыстық полиция департаменті бұл мәліметтерді жоққа шығарып, жалған екенін мәлімдеді.
Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 наурызда бір адам өлімі тіркелген. Осы орайда бірнеше адамның қаза тапқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Амангелді көшесіндегі үйде 53 жастағы ер адам ішімдік ішу кезінде екі әйелді пышақтаған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, ал екіншісі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, - деді полиция өкілдері.
Кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Расталмаған мәліметтерді тарату халық арасында үрей мен алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Сол себепті тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.